«Қазақстан халқына» қоры сал болып қалған балаларға экзоскелет сатып әпереді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстан халқына» қоры тірек-қозғалыс аппаратында ақауы бар балаларды роботтандырылған құрылғылармен (экзоскелет) қамтамасыз ету бойынша қайырымдылық бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бағдарлама балаларға тиімді оңалту, осы диагноздармен қатар пайда болатын аурулардың даму қаупін азайту, физикалық және психо-эмоционалдық әл-ауқатын жақсарту мүмкіндігін береді. Бұл балалардың қоғамда әлеуметтенуі үшін өте маңызды.

Техникалық оңалту құралдарын, оның ішінде экзоскелеттерді балалары үшін қажет ететін ата-аналардан 300-ден астам өтініш келіп түсті.

Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 13 экзоскелет шығару жоспарланса, оның 4-еуі бойынша өлшеу жүргізіліп, өндіріс процесі іске қосылды.

Экзоскелет – церебральды сал ауруы, ми жарақаты, жұлын жарақаттары, параплегия, бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы және басқа да аурулармен ауыратын балалардың өз бетінше қозғалуына көмектесетін заманауи, жоғары технологиялық және тиімді оңалту құралы.


Айта кету керек, әрбір экзоскелет бала үшін оның параметрлерін ескере отырып, жеке әзірленеді, бұл ең бірінші қолданудағы тиімділік пен пайдаланудағы қарапайымдылықты арттырады.

Бір экзоскелеттің салмағы - 25 келі.

Балаларды оңалту ұлттық орталығының базасында науқастың экзоскелетінің қажеттілігі туралы қорытынды шығаратын көп бейінді топ құрылды.

Қор «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының жеңімпазы Мәулен Бектұрғанов негізін қалаған экзоскелеттерді шығаратын отандық «MBionics» ЖШС-мен келісім-шартқа отырды.

Оңалту жоспары мекемелерінің жұмыс үлгілерін жобалау Астана қаласының Медицина университетімен тығыз байланыста жүзеге асырылады.

13 баланы экзоскелетпен қамтамасыз ету үшін «Қазақстан халқына» қоры 117 миллион теңге бөліп отыр.


Соңғы жаңалықтар