Қазақстан Германиядағы ең ірі туризм көрмесінде таныстырылды

Фото: None
МАЙНДАҒЫ ФРАНКФУРТ. ҚазАқпарат – Германияның Майндағы Франкфурт қаласында «IMEX Frankfurt» іскерлік туризмнің ең ауқымды халықаралық көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрме COVID-19 пандемиясынан кейін алғаш рет оффлайн форматта өткізіліп жатыр.

Шараға 14 мыңнан астам адам және 80 елдің өкілдері қатысты. Олардың арасында халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар, салалық халықаралық қауымдастықтар, қала және ауыл туризмін дамыту ұйымдары бар.

Көрме барысында қазақстандық делегацияның басшысы, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев 10 елдегі серіктестермен 20-дан астам b2b (бизнес үшін бизнес) кездесулерін өткізді.

Ұлттық компанияның мәліметінше, биыл пандемияға байланысты шектеу шаралары алынып, визасыз режим мен тікелей рейстер қалпына келтірілген соң Қазақстан халықаралық туристік алаңдарда өзінің қатысуын күшейтті. Жыл соңына дейін Жапония, Ұлыбритания және Польшада өтетін тағы 3 халықаралық көрмеге, сондай-ақ мақсатты елдерде бірқатар роуд-шоуларға қатысу жоспарланып отыр.

IMEX Frankfurt – бұл оқиға индустриясы мен интенсив-туризм (MICE tourism) үшін жыл сайынғы ең ірі халықаралық мамандырылған көрме. Оған 172 елден 3439 экспонент, ұйымдастырушылар 83 елден шақырған 3817 сатып алушы қатысуда.


Соңғы жаңалықтар