Қазақстан ғалымдары жол құрылысына қолданылатын жаңа технология ойлап тапты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының президенті, профессор Бағдат Телтаев жол төсемінің құрылымында пайдаланылатын табиғи беріктігі төмен тас материалдардың тұрақтылығын арттыру үшін жаңа технологиялар құрылғанын хабарлады.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанның көптеген өңірлерінде, әсіресе, батыс аймақтарда құрылымы кеуекті, мәселен, әктас және ұлутас сияқты беріктігі төмен табиғи материалдар бар екені белгілі. Кеуекті материалдарды қолданған кезде тас ылғалды сіңіріп алып, қыста қатқан кезде бұзыла бастайды, яғни циклдық тоңу-еру процесі кезінде тез бұзылады. Басқаша айтқанда, арнайы технологияларсыз мұндай материалды жол саласында қолдануға болмайды. Сондықтан жол мамандары материалдарды басқа аймақтардан әкелуге мәжбүр. Ал бұл құрылыс құнын арттыратыны анық.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары материалдардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін арнайы изоляциялық қабат құрудың жолын тапты.

«Осындай ғылыми зерттеумен химия ғылымдары мамандарымен бірігіп айналысып жатырмыз. Осы изоляциялық қабат жасаудың екі әдісін, яғни екі құрамын таптық. Сол екі құрам да алғашқы зертханалық зерттеулер кезінде оң нәтиже берді», - деп атап өтті Телтаев.

Алдағы уақытта осы әдісті жартылай өндірістік жағдайда зерттеу басталмақ. Жолдың тәжірибелік учаскесін салу жоспарлануда. Егер инновация өзінің тиімділігін дәлелдесе, онда қолдануға ұсынылады.

Ғалымдардың айтуынша, технология үнемді, оны практикада, әсіресе жергілікті маңызы бар жолдарда кеңінен қолдануға болады.


Соңғы жаңалықтар