Қазақстан ЭЫДҰ-ның Білім саясаты жөніндегі комитетіне мүше болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан тұңғыш рет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Білім саясаты жөніндегі комитетінің мүшелігіне шақыру алды, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

«Комитет басшылығының бұл шақыруына түрткі болған жағдай - Қазақстанда білімді дамыту бағытында іске асырылып жатқан зор жұмыстар, атап айтқанда, жаңартылған мазмұнның енгізілуі, үш тілде білім беру саясатының дамуы, 12 жылдық білім беру және бірқатар озық іс-шараларды айтуға болады», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2015 жылдың қорытындылары бойынша біздің еліміз TIMSS зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес, үздік мемлекеттер тізіміне енді.

«TIMSS және PISA зерттеулеріне үш мәрте қатысқан Қазақстан 2016 жылы елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бұл - оқушылардың білім жетістіктерін бағалайтын беделді халықаралық бағдарламалар. TIMSS және PISA - барлық елдер тарапынан мойындалып, түрлі елдер мектептерінің білім сапасын өзара салыстыратын бірден бір құрал. Демек, Қазақстанның білім мәселелері жөніндегі беделді ұйым аясындағы жұмысқа әлемнің дамыған елдерімен бірге иық тіресе қатысуына еліміздің оқушылары мен мұғалімдері зор үлес қосып отыр», - деп мәлім етті министрлік.

Аталған жетістіктер Қазақстанның ЭЫДҰ елдерімен бірге білім саясатын талқылауына есік ашты.

«Қазақстан бұған дейін де ЭЫДҰ-ның білім саласы жөніндегі ірі зерттеулеріне қатысып келді. Ұйымның Білім саясаты комитетінің қатысушысы ретінде еліміздің жаңа жобалардың жүргізілуіне бұдан әрі тереңдей атсалысуға мүмкіндіктердің кеңейе түсері анық. Сонымен қатар бұл жағдай еліміздің ЭЫДҰ және әріптес елдер арасында «теңде - тең» қағидасы бойынша оқуларға, сондай-ақ үш халықаралық маңызы бар зерттеулерге - оқушылардың білім жетістіктерін бағалайтын халықаралық бағдарламасына (PISA), оқу және оқыту зерттеулеріне (TALIS) және ересектер құзыреттіліктерін бағалау бағдарламасына (РІААС) үнемі қатысуын қамтамасыз етеді», делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар