Қазақстан экономикалық еркіндік деңгейі бойынша әлем елдері арасында 40 орында тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан экономикалық еркіндік деңгейі бойынша елдер рейтингінде 180 мемлекеттің ішінен 40-орында тұр.

Қазақстанның индексі 69,6-ны құрады. Қазақстан экономикасы орташа еркін елдерге жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Экономикалық еркіндік деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингінде Қазақстан 2020 жылы 180 мемлекеттің ішінде 40-орынға ие болды. Рейтинг деректеріне сәйкес, мұндай индекске экономикалық еркіндіктің қалыпты деңгейі берілген.

ЕАЭО мемлекеттері арасында Арменияда үздік көрсеткіш (70,6 индексі – негізінен еркін деңгей); ең төмен нәтиже — Ресейде (61 индексі): бұл мемлекет экономикалық еркіндіктің қалыпты деңгейімен әлемде 94-орынға ие болды.

Экономикалық еркіндік бойынша үздік 3 елдің қатарына Сингапур, Гонконг және Жаңа Зеландия кірді.

«Мұра қоры» зерттеу орталығы азаматтардың экономикалық еркіндік деңгейі бойынша елдердің рейтингін жыл сайын жариялайды.

Сарапшылар экономикалық еркіндікті азаматтардың қауіпсіздігі мен бостандықтарын қолдау шараларын есептемегенде мемлекеттің өндіріс, қызмет көрсету, тауарларды тұтыну мен үлестіру ісіне араласпауы немесе кедергі келтірмеуі деп түсінеді.

Елдердің рейтингісі 1995 жылдан бастап жарияланады. Еркіндік дәрежесі бизнес, сауда, қаржы секторы, инвестициялар, еңбек еркіндігі, монетарлық және фискалдық еркіндік, меншік құқығының кепілдіктері, бюрократиялық аппараттың мөлшері және сыбайлас жемқорлықтан қорғау дәрежесі сияқты көрсеткіштер негізінде есептеледі.

Елге берілетін максималды индекс 100 болса, бұл абсолютті еркіндікті білдіреді; минималды, сәйкесінше, 0 — экономикалық еркіндік жоқ елдер үшін. Рейтингтегі барлық елдер 5 санатқа бөлінеді: «еркін», «негізінен еркін», «орташа еркін», «негізінен еркін емес» және «еркін емес». 2020 жылы ең жоғарғы индекс Сингапурға (89,4), ең төменгі индекс Солтүстік Кореяға (4,2) берілді.

Индексі 80-нен 100-ге дейінгі елдерге «еркін» экономикалық деңгей беріледі (6 ел); индексі 70-тен 79,9-ға дейінгі елдерге – «негізінен еркін» (31 ел); 60-тан 69,9-ға дейін – «орташа еркін» (62 ел), 50-ден 59,9-ға дейін – «негізінен еркін емес» (62 ел); 49,9-дан және одан төмен елдерге – «еркін емес» (19 ел).

Рейтинг деректері бойынша жан басына шаққандағы ең жоғары орташа ЖІӨ — экономикасы еркін елдерде 66,8 мың АҚШ доллары. Бұл негізінен еркін экономикасы бар елдерге қарағанда 37,5%-ға артық және орташа еркін деңгейі бар елдерге қарағанда бірден үш есе артық. Халықтың жан басына шаққандағы орташа ЖІӨ-нің ең төмен экономикасы еркін емес елдерде 7,6 мың АҚШ доллары — экономикалық еркіндіктерінің ең жақсы санатындағы елдерге қарағанда 8,8 есе аз.

Естеріңізге сала кетейік, жақында әлеуметтік ұтқырлықтың жаһандық индексі (Global Social Mobility Index) жарияланды, онда Қазақстан Ресей мен Қытай сияқты елдерді басып озып, 38-орынды иеленген болатын.


Соңғы жаңалықтар