Қазақстан ЭДЫҰ жаңа жобасына қатысу жөнінде бастама көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының жаңа жобасы – BEPS-ке қатысуға бастама жасады. Бұл туралы ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші вице-министр бүгін ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Салықтық базаны бүркемелеуге және пайданы салық салу аясынан алып кетуге қарсы іс-қимыл мақсатында салықтық келісімдерге қатысты шараларды орындау жөніндегі көпжақты конвенцияны ратификациялау туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасын таныстырған болатын.

«ҚР Тұңғыш Президенті «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының үздік тәжірибелерін енгізу қажеттілігін атап өтті. Аталған тапсырманы негізге ала отырып ҚР Қаржы министрлігі салықтарды төлеуден жалтаруға қарсы күреске бағытталған Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының жаңа жобасы – BEPS-ке Қазақстанның қатысуына бастама жасады. Бүгін сіздердің қарауларыңызға Салықтық базаны бүркемелеуге және пайданы салық салу аясынан алып кетуге қарсы іс-қимыл мақсатында салықтық келісімдерге қатысты шараларды орындау жөніндегі көпжақты конвенцияны ратификациялау туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы ұсынылады. Осы халықаралық шартқа қосылудың маңызы мен қажеттілігін атап өткім келеді, өйткені бұл - Еуропалық одақтың директивасына сәйкес BEPS жобасының барлық қатысушылары үшін міндетті шарт», - деді ол.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, бұл конвенция барлық екіжақты салықтық конвенцияларға салық салудан жалтаруға қарсы іс-қимылға бағытталған өзгерістер енгізеді. Бұл ретте көпжақты конвенцияның мәні тек екі тарапы да көпжақты конвенцияға қосылған екіжақты салықтық конвенциялар ғана болады.

«Көпжақты конвенцияда көзделген негізгі өзгерістерге тоқтал өткім келеді. Біріншіден, заңды тұлғалардың қос резиденттік мәселесін шешу тәртібі айтылған. Екіншіден, кіріспе мәтіні екі мемлекетте де, атап айтқанда кіріс көзі болатын мемлекетте және кіріс алушының резиденттігі болатын мемлекетте кірістерді салық салудан босату мүмкіндігін болдырмау бөлігінде толықтырылды. Үшіншіден, егер мәміленің мақсаты тек осындай жеңілдіктерді алу болған жағдайда жеңілдіктерді қолдануды шектейтін ереже көзделген. Төртіншіден, дивидендтер бойынша кіріс туындағанға дейін бір жыл ішінде жеңілдіктерді алу үшін белгіленген шарттардың сәйкес болу қажеттілігі туралы талап белгіленді: Бесіншіден, келісімшарттарды бөлу, агенттік/комиссиялық келісімдерді, жекелеген қызмет түрлері үшін арнайы ерекшеліктерді пайдалану есебінен тұрақты өкілдік мәртебесін заңсыз болдырмаудың жолын кесуге бағытталған ережелер енгізілді. Алтыншыдан, өзара келісілетін рәсімге бастама жасау үшін нақты мерзімдер белгілей отырып, өзара келісім рәсімі жетілдірілді», - деді Берік Шолпанқұлов.

Аталған комитет мүшелері заң жобасына қолдау білдірді. Енді бұл құжат Сенаттың жалпы отырысында талқыға түсетін болады. Жалпы отырыста бұл мәселе бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндама жасайды.


Соңғы жаңалықтар