Қазақстан даму банкінің несие қоржыны 1 трлн 728 млрд теңгеге жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан даму банкінің несие қоржыны 1 трлн 728 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Қазақстан даму банкі» АҚ басқармасының төрағасы Абай Сарқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Даму банкі өңдеу өнеркәсібі мен өндірістік инфрақұрылымы жобаларын несиелеу динамикасы бойынша оң трендті ұстауын жалғастыруда. ҚДБ-ның несие қоржыны көлемі 2019 жылдың алдын ала қорытындысына сәйкес, 2018 жылмен салыстырғанда 32 млрд теңгеге немесе 1,9 пайызға артып, 1 728 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте «Бәйтерек» холдингі құрылған 2013 жылдан бері даму банкінің несие қоржыны көлемі 4,6 есе немесе 356 пайызға ұлғайды. ҚДБ даму институты болғанымен барынша кіріс алуды алдында мақсат ретінде қоймайды. Оның қызметі шығынсыз негізде жүзеге асырылады. Банк қызметінің қаржылық көрсеткіштеріне тоқталсам, 2019 жылдың алдын ала қорытындысына сәйкес, ҚДБ оң қаржылық нәтижемен аяқтады. Аудиттелмеген деректер бойынша таза кіріс 7,58 млрд теңге болды. Меншікті капиталдың көлемі 424,1 млрд теңгені, өсім 2018 жылмен салыстырғанда 12,8 пайызды құрады», - деді ол.

Оның айтуынша, 2019 жылы мемлекеттік қаражаттың әрбір теңгесіне нарықтық шарттармен 1,17 теңге қарыз тартылды. ҚДБ өткен жылы әртүрлі көздерден тартқан 329,5 млрд теңге қорландыру қорының 54 пайызы, яғни, 177,9 млрд теңгесі нарықтық қаражатқа тиесілі. Осылайша, ҚДБ банк қарыз алушыларының ұлттық валютадағы несие ресурстарына деген жоғары сұранысын қамтамасыз етуге ұмтылады. Банк кредиттік қоржынының құрылымындағы теңгемен берілетін қарыздың үлесі 2018 жылғы 43 пайыздан 2019 жылдың қорытындылары бойынша 53 пайызға дейін өсті.

«Өткен жылдың қорытындысында ҚДБ 14 жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Олар: жалпы сомасы 436,5 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба мен 3 экспорттық операция», - деді Абай Сарқұлов.

Ал «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарушы директоры Әділ Исмағамбетов банк Қапшағай қаласындағы қуаты 100 МВт СЭС құрылысы, «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы, Шымкент қаласындағы метил-трет-бутил эфирін өндіретін зауыттың құрылысы, Ақтоғай КБК қайта өңдеу қуаттарын кеңейту, ҚР ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қол жетімділікпен қамтамасыз ету, Ақмола облысындағы бройлер өсіретін құс фабрикасының 2 кезеңінің құрылысы сияқты ірі жобаларды қаржыландырғанын айтады.

«2019 жыл Қазақстанның салаларына зор мультипликативтік тиімділік беретін ел үшін маңызы бар жобалардың пайдалануға енгізілуімен есте қалды. Олар: Қарағандыдағы «YDD Corporation» ЖШС-ның ферросилиций өндіретін жоғары технологиялы зауыты, Шымкенттегі «Asia Trafo» ЖШС-ның күш трансформаторларын жасайтын зауыты, «Сарыарқа» магистралды газ құбыры, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және реконструкциялау, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды тереңдетіп қайта өңдеу кешенін салу.

Банк сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы құзыретін де белсенді түрде арттыруда. Өткен жылы Қапшағай қаласындағы «Nurgisa» күн электр станциясы, Түркістан облысындағы «Жылға» күн электр станциясы және Ақмола облысындағы «Астана EXPO-2017» жел электр станциясы іске қосылды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар