Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1000-нан астам отырысына қатысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның мүшелегі кезіндегі ресми шаралар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның мемлекеттік органдарымен бірлесіп үлкен практикалық жұмыс атқарылды. Қазақстан делегациясы күн сайын Кеңестің негізгі жалпы саяси іс-шараларына да, сонымен бірге жиырма екі қосалқы органның: он бес комитеті, алты жұмыс және бір үйлестіру тобының отырыстарына қатысты. Екі жыл ішінде біз Қауіпсіздік Кеңесінің мыңнан астам ашық және жабық отырысына, мүшелердің қырыққа жуық ресми емес кездесуіне, Кеңестің жиырмадан астам көшпелі іс-шарасына қатыстық. Кеңес Төрағасының жүз он бес қарарын және қырық сегіз мәлімдемесінің қабылдануына үлес қостық, жиырма екі рет Кеңес құжаттарының тең авторы болдық», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымдарында Қазақстан миссиясы күнделікті маңызды талқылауларға қатысып отырғандығын атап өтті.

«Қандай ауқымды жұмыс жүргізілгенін көріп отырмыз. Еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы орнықтылығының, Елбасының бүкіл әлемдегі беделінің арқасында қол жеткен бұл биігіміз - біздің халықаралық аренадағы барша бастамаларымызды БҰҰ-ның бейбітшілікті орнықтыру жөніндегі қызметімен ұтымды үйлестіруге қажетті жағдай жасауға мүмкіндік берді. Сыртқы саясаттағы тәжірибемізді байытты», - деді С. Абдрахманов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында «Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдардағы қызметінің негізгі қорытындылары айтылды.

ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстан БҰҰ аясында өз миссиясын абыроймен орындағанын мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар