Қазақстан банктері жеке тұлғаларға кредит беру талабын жеңілдетпек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан банктерінің басым бөлігі жеке тұлғаларға кредит беру талабын жеңілдетпек. Бұл жайында 2021 жылдың III тоқсанында кредиттеу бойынша банктер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін жария еткен Қазақстан Ұлттық банкі Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Күбенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Банктер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша 2021 жылдың III тоқсанында бизнес субъектілері тарапынан кредитке сұраныс әртүрлі бағытта өзгерді. Банктер скорингтік модельдердің нәтижелері бойынша берілетін кепілсіз қарыздар сегментінде шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін белсенді кредиттеуді жалғастырды. III тоқсанда түскен кредиттік өтінімдер саны тоқсаннан тоқсанға 43 пайызға артып, 221 мың мөлшерінде жаңа ең жоғарғы шегіне жетті. Ал өтінімнің орташа мөлшері 21 млн теңгеге дейін тоқсаннан тоқсанға 1,5 есе ұлғайды», - деп түсіндіреді ол.

Оның атап өтуінше, көптеген банкте орта бизнес кредиттеріне сұраныс алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталды. Дегенмен, жекелеген банктер орта бизнес субъектілеріне скоринг модельдерінің нәтижесі бойынша берілетін қысқа кепілсіз қарыздарды белсенді түрде ұсынды. Нәтижесінде III тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдер саны 1,3 мыңға дейін 27 пайызға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 512 млн теңгеге дейін 59 пайызға төмендеді.

«Ірі кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс соңғы II тоқсанда олардың коронавирустық пандемиядан кейін баяу қалпына келуіне және 2021 жылдың басында кейінге қалдырылған сұраныстың іске асырылуына байланысты айтарлықтай төмендеді. 2021 жылы орта есеппен тоқсан ішінде түскен өтінімдер саны (239 өтінім) 2020 жылғы деңгейде қалып отыр. Бірақ 2019 жылғы деңгейден әлі де 28 пайызға төмен. Дегенмен, ірі қарыз алушылар өтінімінің орташа мөлшері III тоқсанда пандемияға дейінгі деңгейге жетіп, 7 млрд теңгені құрады», - деді ҰБ өкілі.

Департамент директорының айтуынша, кредитке өтінімдер бойынша мақұлдау коэффициенті өткен тоқсанмен салыстырғанда бизнестің барлық сегментінде төмендеді. Бұл ретте ШОБ үшін кредит беру шарттары біршама жеңілдеді. Ірі банктер жақын арада экономиканың өсуін күтіп, бизнестің жекелеген салалары бойынша тәуекел деңгейін қайта қарастырды.

«Банктер келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке деген сұраныстың өсуі жалғасады деп күтеді. Бұл ретте, кредиттеу талаптары бойынша көп жағдайда өзгерістер күтілмейді. Халықтың ұзақ пайдаланылатын тауарларға кететін шығыстарының ұлғаюы және ірі банктердің маркетингтік акциялар мен науқандар өткізуі III тоқсанда кепілді және кепілсіз тұтынушылық кредиттеу сегментіндегі сұраныстың біршама өсуіне әсер етті. Сапалы клиент үшін бәсекелестік – клиенттердің төлем қабілетіне қойылатын талаптарды төмендету, несие лимитін арттыру және пайыздық мөлшерлемені азайту бөлігі бойынша кредиттеу талаптарын жеңілдетуге ықпал етті. Кепілді және кепілсіз қарыздар бойынша түскен өтінімдер саны тиісінше 33 және 8 пайызға өсті», - деді Олжас Күбенбаев.

Оның атап өтуінше, банктер III тоқсанда автокредитке деген сұраныстың төмендеуін салондарда жаңа көліктердің болмауымен, сондай-ақ Қазақстанның «Даму банкі» АҚ жеңілдікпен автокредиттеу бағдарламасының тоқтатылуымен түсіндіреді. Берілген автокредиттер бойынша талаптар кредиттік скоринг аясындағы шекті мәндер мен сыйақы мөлшерлемелері бөлігінде жеңілдетілді. Есепті тоқсанда түскен өтінімдер санының 10 пайызға өсуіне қарамастан, оларды мақұлдау үлесі алдыңғы тоқсан деңгейінде қалды.

«Ипотекалық несиелеуге келетін болсақ, банктердің пікірінше, III тоқсанда сұраныстың төмендеуі «Баспана-Хит» ипотекалық кредиттеу мемлекеттік бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдаудың аяқталуымен, сондай-ақ жылжымайтын мүлік нарығындағы жоғары бағалармен байланысты. Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда, ипотека бойынша түскен өтінімдер саны 27 пайызға өсті, алайда оларды мақұлдау үлесі 17 пайызға төмендеді», - деді ол.

Департамент директорының айтуынша, ипотекалық кредиттер бойынша шарттардың кепілге қойылатын талаптарды жеңілдету, сыйақы мөлшерлемесін төмендету, комиссияны азайту және көптеген банктердің бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшерін қайта қарастыру бөліктерінде жұмсартылуына қарамастан, жекелеген банктер клиенттерінің кредит төлеу қабілетін бағалау үшін енгізген скоринг жүйесі қарыздар бойынша мақұлдау үлесінің төмендеуіне алып келді.

«Келесі тоқсанда банктердің көпшілігі жеке тұлғаларды кредиттеудің барлық сегменті бойынша кредиттеу талаптарын жеңілдетуді жоспарлап отыр, осыған байланысты кепілді және кепілсіз тұтынушылық қарыздар, сондай-ақ автокредиттеу бойынша сұраныстың ұлғаюы күтіледі. Банктердің пікірінше, ипотекаға сұраныс осы тоқсан деңгейінде сақталады. 2021 жылдың III тоқсанында кредиттеу бойынша банктер арасында жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 20 банк қатысты. Ұлттық банк сауалнаманы кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын жүргізеді», - деді Олжас Күбенбаев.


Соңғы жаңалықтар