Қазақстан азаматтары Ауғанстаннан қалай шығарылды – Ерлан Қарин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Саясаттанушы, ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Ауғанстаннан ҚР азаматтарын эвакуациялау операциясының қалай жүргізілгенін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның Қарулы Күштері Кабулдағы толық хаос жағдайында қысқа уақытта күрделі операция жүргізе алды. Алдымен өздерінде алаңдаушылық пен проблема толып жатқан америкалықтармен келіссөз жүргізу керек болды, содан кейін азаматтарымызды Кабулға жинап, әуежайға қауіпсіз түрде апарып, содан кейін блокбекеттер арқылы әуежай аумағына кіру үшін сондағылардың бәрімен келіссөздер жүргізілді», - деп жазды Е. Қарин өзінің Telegram-парақшасында.

Саясаттанушының айтуынша, 15 тамыз күні жексенбіде Президент ҚР азаматтары бен дипломаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді, ал 18 тамызда олар Қазақстанға жеткізілді.

«Операция 3 күн ішінде жоспарланды, ұйымдастырылды және өткізілді. Біздің әскерилер мен дипломаттарымыз пандемия кезінде, 2020 жылдың көктемінде азаматтарымызды түрлі елдерден шұғыл әкетуге мәжбүр болғанда және «Жусан» операциясы кезінде осындай гуманитарлық операцияларды жүргізіп, жақсы тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ біздің әскерилер өз азаматтарымызбен бірге қырғыз дипломаттарын да эвакуациялады», - деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, 18 тамыз күні Қазақстан Ауғанстаннан 42 адамды эвакуациялады және Алматы қаласына жеткізді. Ұшақта 25 Қазақстан азаматы, оның ішінде 15 ересек адам және 10 бала, сондай-ақ ҚР Елшілігінің қызметкерлері болған. Одан басқа, осы бортпен Қырғызстан тарапының өтінішімен 14 азамат эвакуацияланды және ҚР Елшілігіне көмек сұрап жүгінген 1 Ресей азаматы мен 1 Литва азаматы АИР-дан шығарылды.



Соңғы жаңалықтар