Қазақстан ауылдарында стоматологтар жетіспейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауылдық жердерде орналасқан елді мекендерде стоматолог-дәрігерлердің тапшылығы сезілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл жөнінде Бірыңғай Қазақстан стоматологтары қауымдастығының президенті (EKAS), медицина ғылымдарының докторы, IDA Дүниежүзілік стоматология академиясының академигі Сәуле Есембаева бүгін Стоматологтардың халықаралық конгресіне арналған баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Тағы бір айта кетерлік жайт, стоматолог-дәрігерлердің жетіспеушілігі. Парадокс, жыл сайын 6 факультеттен стоматолог-дәрігерлер түлеп ұшса да, еліміздің кей өңірлерінде маман тапшылығы орын алып отыр.  Әсіресе маман тапшылығы Қазақстанның батыс және солтүстік бөлігіндегі ауылдық елді мекендерде сезіледі», - деді Сәуле Есембаева.

Сондай-ақ, қауымдастық президенті балалар стоматологы мен жақ-бет хирургтарының жетіспеушілігін ерекше атап өтті.

«Баяғыдай студенттерді жолдамамен ауыл-ауылдарға жібермейді. Осы себепті, мамандардың көпшілігі стоматалогия саласынан қол үзіп кетеді. Дәл қазір балалар стоматологы мен жақ-бет хирургтары жетіспей жатыр, сондықтан бұл мәселені ерекше назарда ұстап отырмыз», - деді ол.

Өз кезегінде «Стоматологиядағы инновациялар» атты Стоматологтардың халықаралық конгресіне  қатысу үшін Астанаға арнайы келген Дүниежүзілік стоматологтар федерациясының президенті Патрик Хескот ауыз қуысын сау сақтау үшін  қарапайым қағидаларды ұстану керектігін айтты.

«Ауыз қуысы ауруының себептері өте көп және оған қарсы сиқырлы дәріні әлі ойлап тапқан жоқ. Қарапайым қағидаларды ұстану арқылы аурулардың 90%-ының асқынуының алдын алуға болады.  Біріншіден, қант жеуді тоқтату керек, қант ауыз қуысының №1 жауы. Екіншіден, ауыз қуысының тазалығын сақтау және кем дегенде, жылына бір рет тіс дәрігеріне тексеріліп тұру керек», - деді П.Хескот.

Дүниежүзілік стоматологтар федерациясының басты мақсаты әлем бойынша ауыз қуысы ауруларының алдын алу және федерация құрамында әлемнің 140 елінде жұмыс істейтін 1 миллионнан астам тіс дәрігерлері бар.

Соңғы жаңалықтар