Қазақстан аумағында ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің қандай жасақтары жұмыс істеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов ҰҚШҰ бітімгерлік миссиясының Қазақстан аумағында қандай жұмыс тындырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқиғалардың қарқынды өрбуіне байланысты, бітімгерлердің бөлімшелері елге 6-шы қаңтарда келе бастады.

Қысқа мерзімде Ресейдің әскери-көлік авиациясын пайдалана отырып, екі мыңнан астам адам мен 250 бірлік техника жеткізілді.

Сонымен қатар Қазақстанның Қарулы Күштері бітімгершілік контингенттің қауіпсіз келуін қамтамасыз етті. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Қазақстан аумағы үстінен әскери-көлік авиациясының ұшу қауіпсіздігін қадағалады. Десанттық-шабуылдау әскерлері Ұжымдық бітімгершілік күштерінің негізгі бөлімшелері келген Алматы қаласының әуежайын күзетуге және қорғауға алды. Бітімгерлердің әскери техника лектерінің қозғалысымен ілесіп жүру ұйымдастырылды», -деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Айтуынша, Ұжымдық бітімгершілік күштері штабы ҚР Қару Күштері Бас штабының жедел тобымен, Алматы қаласының комендатурасымен, терроризмге қарсы күрес жөніндегі Алматы қалалық жедел штабымен үнемі ақпарат алмасып отырған.

«Ұжымдық бітімгершілік күштер жедел өрістетіліп, еліміздің мемлекеттік органдарымен келісім бойынша оларға жүктелген стратегиялық объектілерді қорғау міндеттерін орындауға кірісті.

Контингенттер әуежайларды, әскери қоймаларды және азаматтардың өмірін қамтамасыз ететін басқа да стратегиялық нысандарды қалқалау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтерін атқарды.

Бұл шаралар терроризмге қарсы операцияны тікелей жүргізу үшін күштер мен құралдардың едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік беріп, террористік белсенділіктің тұтастай төмендеуіне ықпал етті», - деді министрліктің Халықаралық ынтымақтастық департамент бастығы.


Соңғы жаңалықтар