ҚазАқпарат пен MENA агенттігі меморандумға қол қойды

None
None
КАИР. ҚазАқпарат - Бүгін Каирде «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бас директорының бірінші орынбасары Данияр Өтешев пен Middle East News Agency (MENA) Мысыр ақпарат агенттігінің бас редакторы - басқарма төрағасы Әли Хасан арасында келіссөздер өтті. Кездесу барысында екі БАҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Сондай-ақ, келіссөздерге қазақстандық тараптан Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиев пен Мысырдағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі Асқар Әлібаев қатысты.

MENA басшысы «ҚазАқпарат» ХАА-мен өзара ынтымақтастықтың Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы ірі ақпарат агенттіктерінің бірі үшін маңызды екендігін атап өтті. Себебі, әлемде түрлі БАҚ-тар Мысыр туралы дәйексіз ақпараттар таратады, ал Қазақстанның мемлекеттік ақпарат агенттігімен өзара ықпалдастық жоғары объективтілікке ықпал етеді.

Сондай-ақ, Әли Хасан өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюдың екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту үшін маңызды екендігін тілге тиек етті. Бұған 2016 жылдың ақпанында Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Әс-Сисидің Қазақстан Республикасына жасаған сапары серпін берген.

Өз кезегінде, ҚР Елшісі MENA басшылығына ыстық лебізі үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Мысыр арасындағы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын екендігін мәлім етті. Арман Исағалиев те Мысырға экономика мен ішкі жағдайды дамытуда тұрақтылық тіледі.

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бас директорының бірінші орынбасары Данияр Өтешев Қазақстан мемлекеттік ақпарат агенттігі тек  дәйекті ресми дереккөздерден тексерілген ақпараттарды ғана тарататынын атап өтті. 

«ҚазАқпарат» агенттігі тек мемлекеттік БАҚ-тармен ғана жұмыс істейді. Қазақстан мемлекеттік ақпарат агенттігі Қазақстанның медиа саласында көшбасшы позицияға ие. ТОП-5 жаңалықтар агенттігіне кіреді және дәйексөз келтірілетін дереккөздер арасында бірінші орын алады», - деп атап өтті Д.Өтешев.

Меморандумға қол қою рәсімі МАР-дағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды. 

Соңғы жаңалықтар