«ҚазАқпарат» ХАА мен италиялық ANSA ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» ХАА мен италиялық Agenzia Nazionale Stampa Associata (ANSA) ақпарат агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ Бас директоры Асқар Умаров пен италиялық Agenzia Nazionale Stampa Associata (ANSA) ақпарат агенттігінің Бас директоры Стефано Де Алессандри қол қойды.

Ынтымақтастық туралы меморандум аясында ANSA агенттігі өз сайтында итальян тіліндегі «Қазақстан жаңалықтары» айдарын ашады. Өз кезегінде «ҚазАқпарат» ХАА сайтының ағылшын тіліндегі нұсқасында Италия Республикасының саясат, экономика, мәдениет салаларындағы жаңалықтары жарияланбақ.


«Бүгін біз маңызды меморандумға қол қойып отырмыз. Бұл меморандум бойынша италиялық ANSA агенттігімен ынтымақтастықты бастаймыз. Құжат бойынша ANSA агенттігінде бөлек ағылшын және итальян тілінде бөлек айдар ашылады. Ал «ҚазАқпарат» агенттігінің ағылшын тілді нұсқасында Италия жаңалықтары шығады. Бүгінгі келісімді екі елдің ақпараттық тұрғыда жақындай түсу процесінің үлкен қадамы деп есептейміз. Бізідң италиялық әріптестеріміз Қазақстанның экономикасы мен туризм саласына қатты қызығушылық білдіріп отыр. Стефано мырзаға көп алғысымызды білдіреміз», - деді Асқар Умаров.

Асқар Умаров осы уақытқа дейін «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі осындай келісімді әлемнің 42 халықаралық агенттігімен жасағанын атап өтті. ANSA - «ҚазАқпаратпен» ынтымақтаса жұмыс жүргізетін 43-і агенттік болып отыр.

Өз кезегінде ANSA ақпарат агенттігінің Бас директоры Стефано Де Алессандри меморандумның маңызын атап өтті.

«Биыл ANSA үшін бұл – ынтымақтастық туралы бесінші меморандум. Осы уақытқа дейін Франс Пресс, ТАСС, EFE, Синьхуа қатарлы үлкен ақпарат агенттіктерімен серіктестігімізді бастадық. Соның ішінде «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің біздің серіктесіміз болғанына қуаныштымыз. ANSA- Италиядағы ең ірі агенттік. Осы меморандум аясында Италия Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасындағы ынтымақтастық одан ары нығая түсер деген үлкен сеніміміз бар», - деді Стефано Де Алессандри.

Айта кетсек, ANSA – ұлттық және халықаралық іс-шаралар туралы ақпарат тарататын Италияның жетекші ақпарат агенттігі. Ақпарат агенттігінің мемлекеті аумағында 22 жеке кеңсесі бар, ол әлемнің 74 мемлекетіндегі 80-нан астам қалада өз қызметін жүзеге асырып жатыр. ANSA күн сайын 3 мыңнан астам жаңалық материалын, сондай-ақ 700-ден астам суреттер мен видеороликтер жариялайды.

Агенттік итальян тілінен басқа ағылшын, испан, неміс, португал және араб тілдерінде хабар таратады.

ҚазАқпарат – Қазақстандағы алғашқы халықаралық мәртебе алған мемлекеттік ақпарат агенттігі. Биыл ақпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл толады.

ҚазАқпарат ХАА еліміздегі ақпарат агенттіктері арасында ең ауқымды тілшілер қосынына ие. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі 15 меншікті тілші мен Ресей, Қытай, Түркия, Еуропа, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Иорданиядағы өкілдіктер агенттікке елде және шетелде болып жатқан оқиғаларды объективті әрі жан-жақты көрсетуге мүмкіндік береді.










Соңғы жаңалықтар