«ҚазАқпарат» ХАА Иранның ақпарат агенттігімен меморандум бекітті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Иран Ислам Республикасы Ақпарат Агенттігі (ИРНА) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Меморандум ақпарат алмасу саласындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуды, достық қарым-қатынастар мен бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы жемісті ынтымақтастық орнатуды көздейді.

«Қазақстан мен Иран арасында ынтымақтастық жан-жақты дамығанымен, ақпарат алмасудың аздығы сезілетін. Бүгінгі меморандум екі ел арасындағы экономика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп секілді бірқатар салалардың дамуына ықпал етеді. Қазақ жерінде ирандық өндірушілердің тауарын, Иран дүкендерінде қазақ өнімдерін көретін күн де алыс емес. Екі ел арасындағы ақпараттың молдығы туризмнің дамуына да септігін тигізеді. Иран мен Қазақстанның туристік орындарының түрлі фотосуреттері мен бейнероликтері тұрғындардың қызығушылықтарын арттырары сөзсіз», - дейді ИРНА басшысы.
null 

Өз кезегінде, «ҚазАқпарат» ХАА басшысы ЭКСПО көрмесінен кейін Қазақстанға шетелдік әріптестерден ұсыныстардың көптеп түсіп жатқанын баса айтып, Орталық Азиядағы ең ірі агенттіктердің бірімен келісім жасаудың маңыздылығын жеткізді.

«ИРНА - Орталық Азия, Иран және Ауғанстан аймақтарындағы ең ірі агенттіктердің бірі. Сондықтан ҚазАқпарат үшін бүгінгі меморандумның маңызы зор. Екі ел арасындағы ақпараттық саласындағы әріптестік Қазақстан мен Иранның мәдени байланысын нығайтары сөзсіз. Бүгін Иран агенттігінде Қазақстанның дамуы туралы фоторепортаж, ЭКСПО туралы ақпараттар жарияланады. ИРНА - 10 тілде ақпарат тарататын, бірнеше мерзімді басылымдары мен өз мектебі бар үлкен агенттік. М.Ходади мырза тілшілерді Иранға шеберлік сыныбына шақырып отыр. Одан да өзге бірқатар маңызды шараларды жоспарлап отырмыз», - дейді Асқар Умаров.

Меморандумға қол қойылған соң,  «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Умаров ИРНА басқарушы директоры Мухаммад Ходадидің иығына қазақы салтпен шапан жапты.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетейік, ИРНА интернет-кеңістікте ғана жұмыс істемейді. Ол жалпыұлттық «ИРАН» газеті мен өзге де мерзімді басылымдарды шығарумен айналысады. ИРНА-ның Иранда 60 және әлем елдерінде - 30 кеңсесі бар.
ҚазАқпарат - халықаралық дәрежеге ие болған Қазақстандағы алғашқы ақпарат агенттігі.

ҚазАқпаратта өзге отандық ақпарат агенттіктерінде жоқ тілшілер желісі бар. Елдің барлық аймақтарында 15 тілшілер пункті орналасқан. Оның ішіне Байқоңыр да кіреді. Ресей, Қытай, Түркия, БАӘ, Бельгия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде меншікті тілшілері бар.

Бүгінге дейін «ҚазАқпарат» ТАСС (Ресей), «Азертадж» (Әзербайджан), «Анадолу» (Түркия), «Белта» (Беларусь) сынды 22 ақпарат агенттіктерімен меморандумға қол қойған еді. 2017 жылы «ҚазАқпарат» ХАА Германия, Түрікменстан, БАӘ, ҚХР және ШЫҰ хатшылығының ақпарат агенттіктерімен меморандумге қол қойды.

Соңғы жаңалықтар