ҚазАқпарат агенттігіне - 101 жыл
2021 жылғы 13 тамыз 07:12

ҚазАқпарат агенттігіне - 101 жыл

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, сонау 1920 жылдың 13 тамызынан бері халқымыздың «көзі, құлағы һәм тілі» болған, Қазақстанда бірінші болып халықаралық дәрежеге ие болған жетекші мемлекеттік ақпарат агенттігі - ҚазАқпаратқа 101 жыл толды.

Өткен жылы ғана ғасыр тойын атап өткен ҚазАқпарат осы аралық бойы саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және қоғамның басқа да маңызды салалары туралы сенімді және жедел ақпарат таратып келеді. Агенттік қызметі қазақ, орыс, ағылшын, қытай және өзбек тілдерінде жүргізіледі, шетелдерде тұратын отандастарға қазақ тіліндегі жаңалықтарды беру үшін латын графикасы мен араб төте жазуы пайдаланылады. Осылайша ҚазАқпарат түрлі котингентті, аудиторияны қамтып, елімізбен қатыр әлемде, шетелде болып жатқан ең маңызды оқиғалардың қазақстандықтардың назарынан тыс қалмауына күш салып келеді.

Қазақстан аумағындағы бірінші ақпарат агенттігі Орынборда Ресей телеграф агенттігінің (РОСТА) Орынбор-Торғай бөлімшесі ретінде құрылды. Одан кейін атауы сан мәрте өзгеріп, ҚырРОСТА, ҚазРОСТА болса, 1937 жылдан агенттік ҚазТАГ деп аталды және ТАСС-тың - Кеңес одағы телеграф агенттігінің құрамында болған еді.

ҚазАқпарат тарихына қатысты кейбір деректерге көз жүгіртсек, идеология мәселесіне келгенде ҚазТАГ-тың қазақ бөлімшесі ерекше бақылауда болды. Мәселен, 1959 жылы Қазақстан компартиясы ОК-нің «Қазақ телеграф агенттігінің және «Социалистік Қазақстан« газеті редакциясының өрескел қателігі туралы» қаулысы шықты. Сол кезде ҚазТАГ-тың және «Социалистік Қазақстан» газетінің басшылары Бүкілодақтық энергетикалық құрылыс жөніндегі кеңестегі Хрущев сөзінің мәтінін толық жарияламағаны үшін жазаланды. Ал 1941 жылы Алматыда алғаш рет «Окна КазТАГ» пайда болды. Соғыстың алғашқы екі жылында ҚазИЗО баспасы 45 «Окна КазТАГ» жарыққа шығарды. Бұған қоса, Қазақстан КП (б) ОК тапсырмасымен суретшілер мен жазушылар бригадасы Қазақстанның индустриалды жүрегі Қарағанды қаласына барып, онда 17 «Окна КазТАГ» жарыққа шығарған еді. 1941-1942 жылдары «Окна КазТАГ» 300 данасы республика кеңшарларына жөнелтілді. «Окна КазТАГ» кестесіне Г.Брылов басшылық жасап, Ә.Қастеев, Л.Леонтьев, Ә.Ысмайылов сынды суретшілер қатысты. Мұнан бөлек, Қазақстан мен АҚШ арасындағы бірінші радиокөпірді ҚазТАГ жүргізді. Тың игеруге арналған бұл шараны ҚазТАГ-тың сол кездегі басшысы Жүсіп Алтайбаев ұйымдастырып, Америка тарапынан оған танымал әнші Поль Робсон қатысты. Бұл сол кезеңдегі техникалық мүмкіншіліктердің арқасында Қазақстан мен АҚШ арасында алғаш рет ұйымдастырылған радиокөпір еді. Сондықтан бұл оқиға ҚазТАГ тарихындағы үлкен жетістік саналды. 60-шы жылдары Іле-Алатауының Талғар сілемі шыңдарының біріне «ҚазТАГ» атауы берілді. «ҚазТАГ» шыңының биіктігі 4 334 метрді құрайды. 1969 жылы ҚазТАГ-тың спорт журналисі Орал Гималұлы Қаймирасов, фотокорреспондент Анатолий Устиненко, сонымен қатар ЦСКА спорт клубы жанындағы жас альпинистер секциясының мүшелері аталған шыңға шықты. Бүкіл кеңестік ақпараттық кеңістіктегі бірінші жаппай наразылықтың жария етілуі де ҚазТАГ-пен байланысты. Атап айтқанда, 1986 жылы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы туралы бірінші ақпаратты ТАСС ҚазТАГ-қа сілтеме жасап жариялады. Соның арқасында бүкіл әлем Алматыдағы желтоқсан оқиғасы жайында білді. Желтоқсан оқиғасына қатысты сот отырысынан ақпарат таратып, сурет жарияланғаннан кейін ҚазТАГ қызметкерлері қуғын-сүргінге ұшырады. Қайрат Рысқұлбеков бастаған Желтоқсан оқиғасына қатысқан 4 адамның суреті бейнеленген фотоның авторы Юрий Беккер болды. Кейінірек ол және агенттіктің директоры Жұмағали Ысмағұлов, сонымен қатар аталған ақпарат пен суретті жариялаған өзге де газеттердің басшылары жазаланды.

Агенттік Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы ең бірінші болып хабарлады. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларация қабылданғаннан кейін, 1991 жылдың шілдесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Министрлер кеңесі жанындағы ақпарат агенттігінің атауын тек республика Үкіметіне ғана бағынатын Қазақ мемлекеттік ақпарат агенттігі - ҚазТАГ деп қайта атау туралы қаулы шығарды. 6 жыл өткеннен кейін ҚазТАГ базасында «Қазақ ақпарат агенттігі» ҚазААГ құрылды.

2002 жылы агенттік базасында «Қазақ ақпарат агенттігі» ұлттық компаниясы« акционерлік қоғамы құрылды. Сол жылдың 22 қаңтарында агенттіктің порталы алғаш рет жұмыс істей бастады. 2002 жылы агенттіктің жаңа вебсайтында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жаңалықтар таратыла бастады.

2004 жылдың 14 ақпанында «ҚазАқпарат« ұлттық компаниясының қазақ бөлімшесі Қазақстанда алғаш рет латын әліпбиі негізінде мемлекеттік тілде жаңалықтар таратуды қолға алды. Негіз ретінде академик Әбдуәли Қайдар дайындаған латын графикасының үлгісі алынды. Кейіннен осы нұсқа мамандар арасында «ҚазАқпарат нұсқасы« деп аталып кетті.

2014 жылдың 14 наурызында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің қытай редакциясы құрылды. Осылайша, «ҚазАқпарат» қытай тілінде жаңалықтар тарататын Орталық Азиядағы жалғыз ақпарат агенттігіне айналды. 2019 жылдың қарашасынан «ҚазАқпарат» ХАА өзбек тілінде жаңалықтар тарата бастады. Бұл бастама Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында жүзеге асырылды. 2019 жылдың желтоқсанында бұған дейін жеке компания ретінде жұмыс істеген «Қазконтент» АҚ-пен бірігіп, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі« акционерлік қоғамы құрылды.

ҚазАқпаратта өзге отандық ақпарат агенттіктерінде жоқ тілшілер желісі бар. Елдің барлық аймақтарында 15 тілшілер пункті орналасқан. Ресей, Қытай, Түркия, Еуропа, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Иорданияда меншікті тілшілері бар. Бұл елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік береді.

Бүгінде қазақстандық жаңалық тарататын интернет-ресурстар арасында ҚазАқпарат үздік ондықтың қатарына кіреді. Web-порталға орташа есеппен алғанда 100 мың адам кіреді. Агенттік порталын пайдаланушылардың географиясы мен ауқымы таң қалдырады, ол 229 елді қамтиды. Бүгінгі таңда ҚазАқпарат әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізеді. Facebook, ВКонтакте, Twitter , Одноклассники, Instagram әлеуметтік желілеріндегі арналар мен парақшаларына жазылушылардың жиынтық саны 300 000 адамнан асып түседі.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT