«Қазақавтожол» мамандары жүргізушілерге ескерту жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жол саласының мамандары үш тәулікте қар құрсауынан 2400-ден астам көлікті шығарды, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ауа райының қолайсыз жағдайы Қазақстанның бірқатар өңірінде сақталып отыр. Жол саласының қызметтері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту, көліктерді сүйемелдеу жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде.

Осылайша соңғы үш тәулік ішінде республика аумағында «Қазақавтожол» ЖШС күшімен 2400-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылды. Ауа райының қолайсыздығы, желдің күшеюі мен жолдағы жағдайдың нашар көрінуіне байланысты автомобиль жолдарының 40 учаскесі қозғалыс үшін бүгінгі таңда жабық. Жолды қардан тазарту, көліктерді тартып шығару және адамдарды құтқару шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда еліміздің бар аумағында 671 техника жұмыс істеп жатыр.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жабылуы туралы өзекті ақпарат әлеуметтік желілердегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті мен ««QazAvtoJol» ҰК» АҚ ресми парақшаларында жарияланады.

Төтенше жағдай туындаса, жүргізушілер қысқа 1403 нөміріне хабарласа алады.

Жол қызметтері автоәуесқойларды ауа райының қолайсыз жағдайында алыс сапарға шығудан бас тартуға шақырады. Жолдағы жағдайдың нашар көрініп, көктайғақ болған кезде жүргізушілерге жылдамдықты барынша төмендетуге, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтауға және басқа көліктерді озу кезінде барынша абай болуға кеңес беріледі.


Соңғы жаңалықтар