Қазақ жеріне келген қай ұлттың да жолы болды – Эльбрус Тимаев

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысындағы 17 этномәдени бірлестіктің жетекшілері бас қосып, Алғыс айту күніне арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында әр бірлестіктің жетекшілері қоғамдық жұмыстарына тоқталып, қазақ халқына алғыс айтты. Мінберге шыққан «Вайнах» шешен-ингуш орталығының жетекшісі Эльбрус Тимаев сөзін «Қазақ халқына ризамын!» - деп бастады.

«Кезінде біздің туыс-туғандарымыз «халық жауы» болып, жан-жаққа қашты. Бізді вагондармен Қазақстанға әкеп келгенде, қиындықтың басталатынын болжадық. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Қазақтар бізді үйлеріне кіргізіп, қолтығына тартып, бір үзім нанын бөліп берді. Ең бастысы, осы азып-тозып келген халықты қорламай, құрметпен қарады, қайғысын бөлісе білді. Ал қазір Елбасы бастап, Мемлекет басшысы жалғап жүргізіп отырған саясат чешендер мен ингуштарға өз ұлттық дәстүрін, тілін, дінін ұмытпақ түгел, оны дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Мұндайды бағаламауға, алғыс айтпауға бола ма? Қазақ жеріне келген қандай ұлыстың да жолы болды, бағы ашылды. Елмен бірге олар да дамыды, бақытты күндер кешіп отыр. Ал біз енді қазақ мемлекетін Мәңгілік ел етуге бірігіп, күш салуымыз керек. Осы ойды ұрпағымыздың бойына сіңіруіміз қажет», - деді Элбрус Тимаев.

Бірлестік жетекшісі Қордайдағы жағдайға байланысты көзқарасын білдіріп, бірлікті сақтаудың маңыздылығын айтты.

«Сонау тоқсаныншы жылдардың қиындығын барлығыңыз білесіздер. Қиын заманда Елбасымыздың соңынан еріп, дамудың даңғыл жолына түстік. Елімізді мекен еткен барша ұлт бірлікте өмір сүріп келеді. Осы бағыттан адаспай, ілгерілей беруіміз керек. Ең бастысы, өзімізді, ұрпағымызды дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Әрине, қоғам болған соң, ұсақ-түйек кикілжіңсіз болмайды.Оны өршітпей, тез арада келісімге келер жол ізедп табуды үйренейік. Қордайдағы жағдай бәрімізге сабақ болды. Тек арандатушылардың соңына ермейік. Қазақстанда тұратын бір адамның шашы жерге түссе, оған бәріміз жауаптымыз. Сондықтан бір үйдің баласындай, тату-тәтті өмір сүруге, бір-бірімізге құлас асуға үйренейік», - деді ол.

Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының қатысуымен былтыр түрлі деңгейде алты жүзден астам қайырымдылық іс-шарасы өткізілген. Бірлестіктердің көрсеткен қайырымдылық көмек сомасы екі жүз млн теңгеден асты. Ассамблеяның Аналар кеңесі қайырымдылық іс-шаралар күнтізбесі аясында «Мейірімді істер күні» акциясын өткізуге бастама жасады. Медиация институтын дамыту үшін өңірде 1 облыстық медиация кабинеті жұмыс істейді.

Этномәдени бірлестіктер жанынан 10 шығармашылық ұжым, төрт жастар қанаты және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының филиалы ашылды.


Соңғы жаңалықтар