Қазақ тілінің маманы Наталья Алмағамбетова: Бәрі «нан берші, су ішеміннен» басталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елімізде қазақ тілін барынша жетік меңгерген жандар аз емес. Соның бірі, орыс қызы Наталья Алмағамбетова Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

Оның айтуынша, өзі Шыңғырлау ауданында қарапайым отбасында туып-өскен.

- Ол кезде ауылымыз Новопетровка (қазіргі Қуағаш округі) деп аталатын. Қыз кезімдегі тегім Акимчук еді. Анам Валентина, әкем Александр, жалғыз ағам Олег – бәріміз ел қатарлы ғұмыр кештік, - дейді Наталья.

-Қазақ тілін қалай меңгеріп алдың?

- Мен он жыл бойы орысша оқыдым, орысша тәрбие алдым. Бірақ балабақшадан бастап қазақ балаларымен бірге өстім. Бәрі бастапқыда «Нан берші, су ішемін» деуден басталды ғой. Көрші-көлем, құрбы-достарым осы ғажап тілді меңгеріп алуыма себепші болды. Олар мені орыс деген жоқ. Барлығы бауырына тартты. Әсіресе, жан досым Айнұр ата-әжесінің қолында тәрбиеленген еді. Сол Дәуленовтер отбасына барғанда, ата-әжесі бірден: «Айналайын, қызым, кел, шай ішейік!» деп, төрге шығаратын. Мені тілге үйреткен сол халық.

-Мамандықты таңдаған кезде де қазақ тіліне бет бұрған екенсің...

- Иә, 1992 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының (қазір М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) қазақ филологиясы бөліміне оқуға түстім. Елге танымал әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасов туған әкемдей болды. Сондай-ақ Отарәлі Бүркітов, Ғабит Хасанов, Ақзия Ниязғалиева, Ұлдай Ержанова сынды ұстаздарым қазақ тілінің тереңіне бойлата түсті. Төрт жылдан кейін оқу орнын бітірерде, Серікқали Ғабдешұлы: «Наталья данышпан, әлі бірталай қазақты қазақ қыламыз», деп институтқа алып қалды. Ағай шәкірттеріне «данышпан», «шілпік» деп сөйлейтін еді. Сол 1996 жылдан бері орыс аудиториясында практикалық қазақ тілінен дәріс беріп келемін.

-Алмағамбетовтер – талай жарыста топ жарған балуаны бар, төрт түлік мал өсіріп, сәйгүлік баптаған, өңірге танымал әулет. Осы шаңыраққа қалай келін болып түстіңіз?

-Қазақта «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген сөз бар. Әділбек құрдасым әрі ол қазақ сыныбында қатар оқыды. Бір-бірімізді бірден көзбен ұғысып, жақсы көріп қалдық. Мектеп кезінен бірге жүрдік. Мен төрт жыл оқуға кеткенде де, ол күтті. Сөздің шыны керек, бастапқыда оған тұрмысқа шығуыма үйдегілер, әсіресе, әкем қарсы болды. Дегенмен Әділбек сөйлесіп, ата-анамның рұқсатымен отау құрдық. Қазақша сөйлегеннен кейін мені қайын жұртым жылы қабылдады. Алмағамбетовтер отбасында тоғыз бала еді. Қайынаға, қайынапа, қайынсіңлілерім бар. Қайынатам (Еркінғали) қатал болды, бірталай сынаққа салды. Бірақ ауылдың қызымын ғой, шай құю, сиыр сауу секілді жұмыстарға тез көндігіп кеттім. Білмегенімді алтын енем (Қания), абысындарым үйретті. Сөйтіп судай сіңіп, тастай баттым.

-Сұхбат алуға уақыт белгілеген кезде бір сөзіңде қайнағаларымның айтқаны заң, содан босай алмай жатырмын деп қалдың...

- Иә, қазақтың келіні болған соң, жасы үлкендердің айтқанын орындамауға болмайды. Садақа, қонақтық болса, міндетті түрде барып көмектесуім керек. Қазақы шаңырақта сыйластық мықтап орнаған ғой. Оны бұзбай, алға апару – әркімнің борышы деп білемін.

Жолдасым шаруа қожалығында асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Өз еліне берілген нағыз патриот. Шет елдерден сапардан келгенде, «Неге сол елдердің азаматтарындай болмаймыз?» деп, кейбір қазақтарға көңілі қалғанын айтып отырады.

Әділбек екеуміз үш бала тәрбиелеудеміз. Тұңғышымыз Әлібек – қаннан берілген ғой, дзюдодан спорт шебері, қазақ күресінен де түйе балуан атанды. Белгілі бапкер Бердіғали (Борис) Төлегенұлы «аралас қаннан бірдеңе шығады» деп, дзюдоға баулып еді. Қазір баламыз М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды бастапқы әскери дайындық бойынша бітіріп, жұмыс істеп жүр. Отау құрды. Өз басым келінім қазақ қызы болса екен деп армандадым, шүкір, соған да жеттік. Мен өзім ене тәрбиесін алсам, қазір келінім Динараға ақылшымын. Ол да «мамалап» құрақ ұшып, қызмет етеді. Міне, бақыт деген осы емес пе!

Мырзағұлымыз да патриот болып өсіп келеді. Қазір 15 жаста, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 1-курсында оқиды, әнші. 12 жасында алыс Аустралиядағы Сидней қаласына халықаралық фестивальге барып, қазақ елінің өнерін барынша танытып келді. Он жасында емге мұқтаж бала үшін облыстық қазақ драма театрында қайырымдылық концертін қойып, қаржы жинап берді. Бұл да мейірімділіктің бір көрінісі ғой.

Кішкентай қызымыз Томирис №42 «Ақ ниет» гимназиясында оқиды. Балаларымыздың бәрі де қазақша сөйлейді.

Осыдан екі жыл бұрын елордада өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатыстық. СМС дауыс беруден екінші орында тұр едік. Дегенмен қазылар алқасы бұл орынды басқаларға беріп жіберді. Ең бастысы, тілімізді, дәстүрімізді, өнерімізді көрсету ғой. Отбасында мұсылмандық дәстүрін ұстанып, жұма сайын шелпек пісіріп, дұға бағыштап отырамыз.

-Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қолданылуы керектігін айтып жүргені белгілі. Бұған байланысты пікірің қандай?

- Әрине, оған толық қосыламын. Осы орайда айтарым, бұл ұстанымның түпкілікті жүзеге асуы үшін Конституцияның 7-бабын өзгерту керек. Онда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», сосын «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Міне, осы «...қазақ тілімен тең қолданылады» дегенді алып тастау керек. Әйтпесе тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтады, тіл үйренетіндей уақытымыз болды ғой. Бәрі де адамның өзіне, ниетіне байланысты. Мысалы, мен сабақ беретін орыс топтарында өзге ұлт өкілдері де, қазақтар да бар. Солардың ішінде бірқатары қазақша сөйлеп тұрған маған қарап тілді меңгеруге ұмтылады. Алайда орысша сөйлегенді дәреже көріп, ана тілін менсінбейтін қазақ жастары да бар. Шын мәнісінде жастардың бәрі қазақша сөйлесе, ғажап емес пе! Сол күнге жетсек дейміз.

Қазіргі таңда ұстаздық қызметімнен басқа облыстық Ассамблея жанындағы «Тіл – мұра» қозғалысына жетекшілік етудемін. Мұндағы мақсат – өзім секілді өзге ұлт өкілдерін қатыстыра отырып, жастарымыздың тілді тезірек меңгеруіне септесу. Құдайға шүкір, керемет елде тұрып жатырмыз. Ендеше, мемлекеттік тілді білу – әр адамның парызы деп есептеймін.

- Сұхбатыңа рахмет!


Соңғы жаңалықтар