Қазақ тіліне дубляждалған 32-ші Голливуд фильмі прокатқа шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Малефисента: Түнек әміршісі» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы кинопрокатқа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фильм «Болашақ» корпоративтік қоры және «Меломан» компаниясының бастамасымен, «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында дубляждалған. Фильм дубляжының демеушісі – Еуразиялық Топ (ERG).

«1993 жылдан бастап Елбасы жарлығымен «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Бағдарламаның арқасында қарапайым отбасынан шыққан көптеген жасқа шет елдердегі алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасалды. Осындай ағылшын, неміс, француз және тағы да басқа тілдерді меңгерген жастар халқыңа қызмет етемін десең алдымен өз ана тіліңді біліп, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті бойға сіңіру керек екенін жақсы түсінді. Сондықтан да «Болашақпен» оқыған бір топ жастың басты мақсаты - елге оралған соң әртүрлі салада қолымыздан келгенше елге қызмет ету болды. Бұл жоба осындай игі ойдан туды», – деді «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елордада өткен фильмнің таныстырылымында.

Голливуд фильмдерін қазақ тіліне дубляждау – бұл бірінші кезекте әрбір қазақстандықтың қазақ тіліндегі сапалы контентке қол жеткізу құқығы. Ал Голливудтың танымал кино туындылары елімізде 2011 жылдан бастап қазақша сөйлетіп келе жатқан «Өзіңнен баста» жобасы коммерциялық мақсатты көздемейді.

Айта кетейік, фильмді дубляждауға жобаның демеушісі болып отырған Eurasian Resources Group-тың қызметкерлері де қатысқан.

«Малефисента» мистикалық блокбастерінде жоба аясында Малефисентаның рөлін дыбыстауға айрықша құқықтар алынған. Мәселен, Анджелина Джоли қазақстандық театр және кино актрисасы Гүлназ Әуесбайды өзінің кейіпкерін дыбыстауға жеке бекітті. Қазақ дубляжының режиссері Назерке Леспекқызы. Фильм кастингіне Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан 40-тан астам актерлер қатысқан.

2019 жылы қараша айында тағы бір қазақ тіліне дубляждалған «Мұзды өлке 2» фильмінің тұсаукесері күтіп тұр.

«Өзіңнен баста» жобасын аясында қазақ тіліне барлығы 32 голливудтық туынды дубляждалса, олардың ішінде «Көліктер 2», «Кек алушылар: Альтрон дəуірі», «Батыл жүрек», «Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента», «Аладдин», «Ойыншықтар хикаясы - 4» және т.б. фильмдер бар. Осы жобаның арқасында 100-ден астам отандық актердің дауысы «Walt Disney Pictures» дауыстық қорына жазылды. Қазақ тілі дубляжда түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі болса, «Walt Disney» компаниясының тарихында 39-шы орында.

Соңғы жаңалықтар