Қазақ малшылары неге теңіз деңгейінен биік жерді қыстаған - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ташкенттегі ерекше көпір - «ӨзА» ақпарат агенттігі


Өзбекстан тарихындағы алғашқы үш бағанды көпір Ташкенттегі Ахангаран тас жолы мен Махтумкули көшесінің қиылысында бой көтерді, деп хабарлайды uza.uz.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, қаладағы көлік қозғалысының кептелісі мен сыртқы мекендер арасын едәуір жақындату мақсатында басталған жоба 2018 жылда қолға алынған екен. Қазір мұнда бір сағатта 20 мың көлік қатынауына мүмкіндік туып, Ташкент пен Шымган арасы 22 шақырымға қысқарған.

«Көпірдің алғашқы төменгі қабатының ұзындығы 502 метр, ені 26,7, биіктігі 5,5 метрден тұрады. Орта бөлігінің ұзындығы 29 метр, жолдың кеңдігі 24,5 метрді құрайды. Үстіңгі бөлік 593 метрлі ұзындықта бағыт алған 26,7 метр енді қарама-қарсы қатынау бөлігінің әр бірі үш жолақтан тұрады», деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Қазақ малшылары неліктен теңіз деңгейінен биік жерлерді қыстайды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)


kazakcnr.com. сайтында жарық көрген мақалада басын қар алып, мұз құрсаған Тянь-Шань тауында өмір сүретін қазақ малшылардың өмірі жазылған.

Мақалада малшылардың қыста көптеген машақатпен жететін қыстауларының теңіз деңгейінен және жайлаудан да биік жерде орналасатындығы айтылады. Бұл көпшілікті қатты таңғалдырды. Ғылыми дәйектерге қарағанда, жер теңіз деңгейінен қаншалықты биік болса, ауа температурасы соншалықты төмендей береді. Қыс маусымы таяғанда малшылар неліктен теңіз деңгейінен биік жерге қарай қоныс аударатындығы осымен түсіндірілген.

«Солтүстік Тянь-Шань тауының оңтүстік бөктеріндегі талай сай күн қарайған сәтте тез суытады. Суық ауа беткейді бойлап сай тағаны мен ойпатты жерлерге ойысады. Ол жердегі жылы ауа қысыммен жоғары көтеріліп, кейбір теріскей беткейлерде температура жоғарлайды. Температураның теңіз деңгейінен көп биік жерлерде бұлайша жоғарылауы солтүстік Тянь-Шань тауының оңтүстік баурайында үнемі кездесетін кері температура қабатын қалыптастырады. Мамандардың айтуынша, жаз маусымындағы кері температура қабаты Іле өзені аңғарындағы ылғалды, жылы кей өңірдегі климатын сақтауға пайдалы болса, ал кері температура қабаты жан жануарлардың қыстан аман-есен өтуіне тиімді келеді, дейді жергілікті орындағы зерттеуші мамандар.

Шыңжаңда құрбан айт мерекесіне 5 күн демалыс берілді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)


Шыңжаңда құрбан айт мерекесіне 5 күн демалыс берілді, деп хабарлайды kazakcnr.com.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Шыңжаң ұйғұр автономиялы өлкелік халық үкіметі құрбан айт мерекесінің демалыс уақыты туралы бұйрық шығарылған.

«31 шілде күні құрбан айт мерекесі байланысымен 3 күн демалыс беріледі. 1 тамыз күні (сенбі) 2 тамыз күні (жексенбі) қалыпты демалыс. Яғни, 30 шілде күнінен 3 тамызға дейін Құрбан айт байланысымен жалпы 5 күн демалыс беріледі», деп жазды Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Тауелібай атауының тарихы терең - Тамды шаруагері газеті

Өзбекстанның солтүстік батысын алып жатқан үлкен құм массиві «Қызылқұм шөлі» деп аталады. Ол атақты Қарақұмнан кейінгі, үлкен шөл. Сол алып шөлде, Аму мен Сырдария ортасында Тауелібай аталатын өңір бар, деп жазады Өзбекстанның «Тамды шаруагері газеті».

Сол «Тауелібай» деп аталған өңірдің қазақ тарихында да өзіндік орыны бар екен. Ендеше ол жер неге «Тауелібай» деп аталған? Ол несімен елге, қала берсе әлемге танымал?

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Тауелібайда негізінен Ақтөбе, Қызылорда жерінен келіп орналасқан кіші жүз, шөмекей рулары тұрады. Тауелібай атануының басты себебі бар. Сырдың жағалауынан бастау алатын Қызылқұм шөлі мен Тамды тауымен қиылысқан өңірде өмір сүрген елге Сыр елінен ағайындары қыдырып келеді. Сонда ұлы Қызылдан өтіп келсе, алдарынан тау сілемдері-Ақтау, Ерлер сияқты баурайында бұлағы бар таулар және Хорезм, Бұхара, Нұрата сияқты базарлы елдермен сауда жасап отырған жүн тері және сексеуіл көмірі мен тұз даярлап, базарда сауда саттық етіп отырған өздеріне өздері тоқ ағайынға қызыға қарап, «бұл шөл емес, тау елі бай екен» дейтін болған. Сөйтіп, кейін бұл сөз «Тауелібай»-ға айналған.

1950-1960 жылдарға дейін солтүстігінде Сыр бойы, шығысында Түркістан, оңтүстігінде Бұхара, батысында Хорезм, Қарақалпақ елімен ұлан байтақ алып алқапта Тамдыбұлақтан басқа үлкен елді мекен болмаған. Аталған елдімекеннің қазақ тарихына қатысты көптеген дәлел, дәйектер келтірілген. Бұл жазбада автор «Тауелібай өлкесі несімен елге, қала берсе, әлемге танымал?» деген сұраққа жауап табуға тырысқан. «Тауелібай» жеріне қатысты әлем ғалымдарының көптеген еңбектері бар екені тілге тиек етіледі. Көлемді зерттеу мақаласының соңында Асанқайғы атамыз қазаққа жайлы жер іздеген кезде Тауелібайға ерекше ықыласы ауғаны айтылады.

«Асан қайғы бабамыз қазаққа түпкілікті отан болатын, жылы, мал шаруашылығына жайлы қолайлы жер іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Асан қайғы атамыз Тауелібайды, «Қызылқұм» өңірін басынан аяғына дейін кезіп өткен. Ол кезде шөлде ел аз, жерінің шөбі шүйгін, жабайы аң мен құс көп Тауелібай жеріне: «Әттең, алдыма өңгеріп кетер едім, атыма сыймайсың, тастап кетуге көзім қимай тұр. Табан еті төрт елі нарлар жүрер жер екен, түн ұйқысын төрт бөлген ерлер жүрер жер екен»,-деп, баға берген екен» деп түйіндейді автор мақаласын.

1700 жылдық мүсін табылды - TRT


Анталияның Аксу ауданындағы Перге ежелгі қаласында 1700 жылдық әйел мүсіні табылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы Қазбалар департаментінің хабарында Стамбул университеті әдебиет факультеті археология кафедрасынан профессор Седеф Чокай Кепче басшылығында жүргізілген Перге ежелгі қаласындағы қазбаларда мүсін табылғаны айтылды. Біздің дәуірімізден кейінгі 3-шы ғасырдан қалған, киім киіп тұрған әйел мүсіні Анталия мұражайына қойылады», деп жазады түркиялық БАҚ.


Соңғы жаңалықтар