Қазақ идеологиясының діңгегі Абай болуы керек - Дана Нұржігіт

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «1995 жылы Абайға бет бұрмасақ, Димаштар тумас еді. Абайдың 175 жылдығына орай өткізілген шаралар келесі ұрпаққа жемісін береді». Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласын талдауға арналған дөңгелек үстелде журналист, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Абайдың 175 жылдығын той-томалаққа, науқаншылдыққа айналдырмай, Абайды өзімізге жақындата түсу керек екенін айтқанда мен қатты ойландым. Расымен де біз неге уақыт өткен сайын, 20 жылда, 25 жылда Абай атамызға қайтып ораламыз? Қазақ үшін Абай - ананың жатырындай, туған ауылының қазығындай шығар деп ойлаймын. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы өткен кезде қазақтың ұлттық рухы бір серпілген. Біз ол кезде оқуымызды бітіріп, Алматыдағы Абай көшесінің бойында жүріп келе жатып ұлы көшті көргенде, жазулы тұрған Абайдың афоризмге айналған сөздерін көргенде керемет сезімге бөлендік. Сол кезде концерт жүргізушісі келмей қалып, «Сен телевизияда жұмыс істеп жатырсың, сәл де болса тәжірибең бар» деп мені жүргізуші етті. Ауыр жүк көлігінің кузовын ашып, сахна жасап қойыпты. Соның үстіне шығып, концерт жүргіздім. Сондағы алаңда жиналған халықтың рухын көргенде Абай атамыздың қазаққа қайтып келгенін көргендей болдым. Абай ауылының ұлы көшінің ХХ ғасырға жеткенін көрдім. Енді, міне, ХХІ ғасырға жетіп отырғанына куә болып отырмын», - дейді Дана Нұржігіт.

Ол Абайдың 150 жылдығын атап өтудің нәтижесі қандай болғанын айтты.

«Абайдың 150 жылдығы туралы ойлаған кезде Димаш Құдайберген есіме түседі. Өткен жылы жазда Димаштан сұхбат алып отырып «Абайдың 150 жылдық мерейтойы осындай Димаштар дүниеге келуі үшін жасалған» деген ойға келдім. Димаштың 10 жасында берген сұхбатын архивтен тауып алып көрсеттік. 10 жасар Димаш Абайдың қара сөздерінен үзінді келтіріп отыр. 1995 жылы Абайға бет бұрмасақ, Димаштай бала тумас еді. Абайдың 175 жылдығына орай жасалған шаралар келесі ұрпаққа жемісін береді. Мен оған кәміл сенемін», - дейді ол.

Сондай-ақ, Дана Нұржігіт Абай қазақ идеологиясының діңгегі болуы керектігін айтты.

«Қытайлар өз идеологиясының діңгегі Конфуций дейтін болса, біз де Абайды дәл солай қадірлеуіміз керек. Жүрегіңнің түбіне сүңгіп барып ақиқатты білу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Біз үшін ол ақиқат - Абай. Абай дүниеден қария болып кеткен жоқ. Ол өмірінің бел ортасында, 60 жасқа жетер-жетпес дүниеден озды. Ол - халқына соншалықты жақын болған адам. Барлық сұраққа жауап Абайдың қара сөздері мен поэзиясында тұр», - дейді Дана Нұржігіт.


Соңғы жаңалықтар