Қазақ халқының жақсылығын естен шығарған емеспін - Лариса Ақсақалова

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Қазақ халқының жақсылығын, қонақжайлығын естен шығарған емеспін. Жылыой ауданының Жаңақаратон кентінде тұратын Лариса Ақсақалова осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзге ұлттың өкілі болса да, қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлттық құндылығын дәріптеп жүрген Лариса Ақсақалованың кіндік қаны осы өңірдегі Махамбет ауданында тамған. Орта мектепті бітірген соң сол кездегі Гурьев педагогикалық училищесіне оқу түскен. Училищені 1986 жылы бітіріп, жолдамамен Жылыой ауданындағы №8 мектепке жұмысқа орналасты.

«Менің ата-анам Махамбет ауданында тұрды. Бала күнімізден қазақ балаларымен бірге өстік. Арнаулы білім алып, жұмысқа орналасқан соң әр адам өмірлік серігін іздейді ғой. Мен де қиындықты бірге бөлісер, жабыққанда жұбатар, мейірімді жан кездессе, сонымен бірге бақытты өмір сүрсем деп армандаушы едім. Сондай азаматты Жылыой ауданынан кездестірдім. Менің ұлтым – орыс, күйеуім –қазақ. Өйткені, шынайы махаббатқа ұлт та, дін де, тіл де кедергі емес екен. Бұған бұдан 33 жыл бұрын Серік екеуміз құрған отбасымыздағы татулық дәлел бола алады. Қазір біздің 3 баламыз бар. Олардан 6 немере көріп отырмыз» -дейді қазақтың келіні Лариса Ақсақалова.

Ол қазір Жаңақаратон кентіндегі №23 мектептің бастауыш сыныбына дәріс береді. Қазақша жетік сөйлейді, қазақ әндерін айтады. Қазаққа келін болған өзге ұлт өкілдері арасында өткен сайысқа да қатысып, жүлделі орын алған.

«Серікке тұрмысқа шығарда қобалжығаным рас. Бірақ, Серіктің ата-анасы мені өз қызындай көрді. Қазақ халқы да мені өзге ұлт деп өгейсітпей, бауырына басты. Мен қазақ халқының жақсылығын, қонақжайлығын ешқашан естен шығарған емеспін.

Қазақтың отбасына келін, ана атанып, ата-енемнің тәлім-тәрбиесін, өнегесін алдым. Қазақ халқына, жолдасыма, ата-анасына алғысым шексіз. Осындай кең байтақ қазақ жерінде туып, қазақ халқының арасында өсіп-өнгеніме дән ризамын» -дейді Лариса Ақсақалова.


Соңғы жаңалықтар