ҚазААГ - ҚазТАГ ізін басқан, ҚазАқпараттың жолын ашқан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биыл ҚазАқпарат агенттігі 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ғасырға созылған уақытта агенттік бірнеше рет атауын өзгертті: РОСТА Орынбор-Торғай бөлімшесі, ҚазРОСТ, ҚазТАГ, ҚазААГ қазіргі ҚазАқпаратқа айналды.

Мерейтойға байланысты біздің агенттік осы мекеменің ыстық-суығын көрген, талай жыл тер төккен қызметкерлерден естеліктер циклін жариялап отыр. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз - Қазақ ақпарат агентігін 1997 жылдың қарашасынан 2002 жылдың қарашасына дейін 5 жыл басқарған Мұрат Әренов.

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылы 10 қыркүйектегі № 3629 жарлығымен Қазақ мемлекеттік ақпарат агенттігі құрылған болатын. 30 қазанда Үкімет қаулысымен «Қазақ ақпарат агенттігі» (КазААГ) РКК құрылды. Мені сонда директор болуға сол кездегі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев шақырды», - деп есіне алады Мұрат Әренов.

Мұрат Майханұлы бұған дейін ҚР Парламентінің ақпараттық талдау орталығының директоры болып қызмет еткен. Басқа елдердің Парламентімен ақпараттық байланыс орнатып келген еді.

«Мен - мамандығым бойынша IT қызметкерімін. 1975 жылы автоматика және есептеу техникасы факультетін тәмамдаған едім. «Маңғышлақмұнай» компаниясының есептеу орталығында программист болып жұмыс істедім. 1988 жылы Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінде ұйымдастыру бөлімінде жұмыс істеп жүргенде облыстық комитеттердің есебін өңдеуге дербес компьютерді бірінші рет қолданысқа енгіздік. 1997 жылы Қазақстандағы мемлекеттік органдарды ақпараттандыру мәселесін біраз басылымда көтердім. Менің қызметімде осы саланың маманы болғаным үлкен рөл ойнады», - деді М.Әренов.

Ол ҚазТАГ-қа ең алғаш келгенде ақпарат агенттігінің техникалық базасы, қаржылық жағдайы нашар болғанын айтады.

«Бұрынғы басшы А.Ахметалимов осы мәселеге байланысты ҚР Президенті Н.Назарбаевқа, премьер министрге бірнеше рет жүгінген. Мен келісімен бірінші атқарған жұмысым - барлық телетайпты өшіріп, ақпаратты электронды поштамен жіберуді жолға қойдым. ҚазТАГ-та сол кезде жалғыз ғана жібі түзу компьютер болатын. Сол компьютер шығарылымға қойылды. Жаңа агенттік болып құрылғанда, мемлекеттік органдардың ақпаратын тегін таратуға бұйрық етілді. Шындығында бұл ақпарат агенттігінің өзін өзі қаржыландыруына мүмкіндік бермеді. Бұл қарама-қайшылық 1998-1999 жылдардағы дағдарысқа әкелді. Салыстырсақ, ҚазТАГ бюджеті 1997 жылы 28 млн теңге болса, оның 14 млн теңгесі бюджеттен беріліп, қалған 14 млн теңгесі облыстық, республикалық газеттердің міндетті жазылуынан келіп тұратын. 1998 жылы ақпарат тегін болды да, ҚазААГ өтемақыдан қағылды. Оның үстіне бюджеттік 14 млн теңге 11 млн теңгеге дейін қысқарды. 1999 жылдың соңына дейін жалақы мен бюджетке міндетті төлемдер бойынша қарыз 12,3 млн теңгеге жетті. Жалақы 3-4 айда бір, онда да толық берілмеді. 15 жылғы техникалық базаны жаңартуға 1 тиын бөлінбеді. «Филипп Моррис» темекі фабрикасы қолданыстан шығарып тастаған компьютерлермен жұмыс істеуге тура келді. Мен келгенде 128 адам жұмыс істесе, 1999 жылдың соңына таман 45 адам қалды. Сол кезде 2 жаңа қызмет - ағылшын тіліндегі шетелдік ақпарат қызметі, Астана қаласында бөлімше ашылды. Қалааралық телефон байланысы мен жылу, жарық белшеден батқан қарыздардың кесірінен жиі өшіп тұратын. Астана қаласында 2000 жылы 23 қызметкері бар жаңа агенттік аштық. Онда мен бас редактор әрі директор болып екі лауазымда істесем, хатшы қыз – кадр бөлімі, хатшы, іс қағаз жүргізушісі болып істеді. 1 есепші болды. Барлық агенттікте 2 көлік, бірі – басшылыққа, екіншісін тілшілер қолданатын. Фотоқызметтен бас тартуға тура келді. Өйткені ол цифрлық болуы тиіс еді. Қаражаттың жоқтығы ондай мүмкіндіктен бас тартқызды. Біздің фототілшілер Устиненко, Павский, Шипулин, Беккер, Қабылов, Келмағамбетов агенттікпен жақсы байланыста болып, шамалары келгенше көмектесіп тұратын. Олардың көмегімен Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) мен Мәскеуде Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 10 жыл толуына орай екі ірі фотокөрме өтті.


Астанадағы агенттік біздің шағын ғана ұжымымыздан өркендеп шықты. Онда біздің білікті тілшілеріміз К. Кенебаев, С. Жамкеновтер жұмыс істеген.

Астаналық корпункт тілшілерінде не баспана, не кеңсе, техника, көлік ештеңе болмады. Сол жылдары Астанаға бірінші рет жаңа компьютерді іссапарларымның бірінде алып келдім. Алғашында «Егемен Қазақстан» газетінің бір бөлмесін жалға алдық. Кейін ҚР Ақпарат министрлігі «Қазақстан» ТРК ғимаратынан 3 бөлме бөліп берді. 2000 жылдың сәуірінде біз Алматыдан көшіп келдік. Алматыдан 9 журналист келді. Олардың кейбірі Алматыға қайта көшіп кетті. Біздің тілшілер үш адамнан пәтер жалдап тұрып жатты. Оның ішінде Т. Есілбаев, Т. Баймұхамедов және К. Бородинов бар. Оларға ең төменгі жалақыға күн көруге тура келді», - деді М. Әренов.

Оның айтуынша, 1998-1999 жылдары агенттік ешқандай табыс таппаған.

«Мен сол жылдары барлық жоғары билік өкілдеріне хат жаздым. Біз Астанаға басқа республикалық БАҚ өкілдерімен бірге көшуіміз керек болатын. Жағдайымыз мүшкіл болғандықтан мықты журналистерден айырыла бастадық. Сол жылдары Астанада жұмыс табу оңай болатын. Олардың бірі С.Жамкенов ҚР Бас прокуратурасына жұмысқа ауысып, қызметте мансабы өсе бастады», - деді ол.

Қандай қиындықтар болса да ҚазААГ агенттігінде жетістіктер де аз болған емес.

«Біздің бір жетістігіміз – қазақ тілінде хабар тарататын мықты редакция құрылды. Бұрын тек аударма болса, кейін редакция түпнұсқада қазақ тілінде хабар тарата бастады. Бұл жұмысты менің орынбасарым, белгілі журналист, «Ана тілі» газетінің негізін қалаушы Жарылқап Бейсенбайұлы қолға алды. Одан бөлек екінші орынбасарым - белгілі қазақстандық журналист Тілеужан Есілбаевтың еңбегін атап өткім келеді. Ол кісі орыс тілін жетік меңгерген. Ресми жаңалықтарды жазуда өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан болатын. Жұмыста жауапкершілігі өте жоғары, еңбекқорлығымен көзге түсті.

1998 жылы Ақмолада біздің бюрода 4 журналист қызмет етті. Шетелдік ақпарат қызметінде ағылшын редакциясы құрылды, ағылшын тілінде күніне 20 ақпарат таратыла бастады. Одан бөлек «ТМД елдері жаңалықтары», «Қазақстан мен Орталық Азия елдері жаңалықтары» айдарлары ашылды. ҚазААГ экономика, қаржы бағытында жаңалықтарды күшейте бастады. 1999 жылы Бейжіңде біздің алғашқы шетелдік тілші Талғат Бақраев жұмысқа кірісті», - деді ол.

2000-2001 жылдары агенттіктің жағдайы біршама тұрақтала бастады.

«Біз қаржылық қиындықтарды еңсердік. 2 ұсталған көлік, 6 дербес компьютер, принтер, тілшілерге ұялы телефон сатып алдық. ҚазААГ-тың дербес сайты ашылды. Журналистер арасында локальды желі жолға қойылды. Минут сайын лентаны жаңартып, ақпараттардың көшірмесін файл серверде сақтап, тәулік бойы үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету керек еді. Осы күрделі жұмыстың барлығы ақмолалық талантты жігіт Ерлан Сыздықовтың мойнында болатын. 2001 жылы «төте жазу» редакциясы ашылды. Бұл Қытайдағы миллиондаған қандастарымыздың туған елі туралы ақпаратпен сусындауына мүмкіндік туғызды. Осының арқасында 12 шетелдік агенттікпен байланыс орнатылды. Өзбекстанда тағы бір тілшіміз хабар тарата бастады. ҚР Президенті мен Үкіметтің нормативтік актілерін, Мемлекеттік статистика комитетінің құжаттарын алуға мүмкіндік туды. Облыстарда штаттан тыс тілшілер жұмыс істей бастады. Барлық тілшілердің үйлестірушісі Қаламқас Әбуова 12 сағат бойы олардың өнімді еңбек етуін үйлестіріп отыратын. Осындай тынымсыз еңбек пен үлкен жауапкершіліктің арқасында ол бас директордың орынбасары қызметіне дейін жетті. Қаламқас Әбуова қазір бас директордың кеңесшісі болып қызмет етеді. Астанада бізге жас журналистер келіп, жұмысқа жаңа тыныс, жаңа леп бере бастады. Соның ішінде қазақ тілді жас журналист Айбын Шағалақов пен орыс тілінде ақпарат жазатын Әлия Абдрахмановаға тоқталып кеткім келеді. Олар аз уақытта білікті тілшілерге айналды.

Әрине, жастардың жетілуіне, кемелденуіне Ж. Бейсенбайұлы, Т. Есілбаев сияқты мэтрлердің көмегі аз тимеді. Айбын мен Әлияның жазған ақпараттары жедел, толық, әрі шынайы болатын. Мен қызметімнен кеткен соң олар да басқа жұмысқа ауысып, шаңырақ көтерді деп естідім. Қазір олардың үш баласы бар. Айбын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» басылымының басшыларының бірі болды, Әлияның қазір қайда екенін білмеймін, сол кезде Интерфакс агенттігіне ауысқан», - деді Мұрат Әренов.



Соңғы жаңалықтар