«Қайырымдылық керуені» конкурсына өтінім қабылдау басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде «Қайырымдылық керуені» ІІ республикалық конкурсына өтінімдер қабылдау басталды. Бұл туралы бүгін елордада конкурстың ұйымдастырушылары мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаеваның атап өтуінше, конкурсқа әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген, өздерінің игі істерімен басқаларды ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Қайырымдылық қызметін мемлекеттік қолдаумен (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) іске асыратын кәсіпкерлік субъектілермен жеке тұлғалар конкурсқа қатыса алмайды.

Атап айтқанда, өтінімдерді қабылдау биылғы 29 қарашаға дейін жалғасады. Өтінімдерді іріктеу жұмысы биылғы жылдың желтоқсан айында жасалады. Конкурстың жеңімпаздары 2020 жылғы ақпан айының соңында, яғни Алғыс айту күні қарсаңында анықталады.

«Қайырымдылық керуені» біздің елімізде көпшілікке танымал бола бермейтін адамдар, батырлардың көп екенін көрсетеді. Олардың іс-әрекеттері баршамызды таңдандыра отырып, үлгі бола алады. Егер сіз мұқтаж адамдарға көмектесіп, қиын жағдайда батылдық танытып, пайдалы іс-шараны өткізуге көмектескен болсаңыз, бұл сайыс сіз үшін!», - деді Р. Сәрсембаева.

«Қайырымдылық керуенінің» жеңімпаздары бес аталым бойынша анықталады. «Асар» аталымында қайырымдылық қызметі халықтық салт-дәстүрлермен байланысты болғаны ескеріледі. Ал «Туған жер» аталымы аясында туған жерінде білім, экология және абаттандыру салаларында, мәдени нысандарды қалпына келтіру секілді көмек көрсеткендер анықталады. «Батыл жүрек» аталымында ерлік, қайсарлық танытқан адамдар қамтылса, «Мейірім жолында» аталымында өз қаражатына адамдарға көмек көрсеткен жандар үздік танылады. Мұнымен қоса, «Қайырымдылық тарихы» атылымындағы марапат қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аударатын материалдарды ұсынатын, БАҚ-та қайырымдылық тақырыптарын үздік жариялаған журналистерге немесе шығармашылық топтарға беріледі.

Конкурстың ұйымдастырушылары: ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы, «Хабар агенттігі» АҚ, Республикалық «КТК» телеарнасы және «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені.


Соңғы жаңалықтар