Қайыңдыда матраспен жүзген видео авторлары жазалануы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар айрықша қорғалатын табиғи аумақ – Қайыңды көлінің ортасында үрлемелі матраста жүзген қыздың бейнеролигін қызу талқылауда. Экология министрлігі видео авторларының жазаланатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барлығына қойылатын жалпы талап – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жүру тәртібін бұзуға болмайды. Қарапайым ережелерді бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 380-бабына сәйкес ескерту немесе айыппұл қарастырылған. Достар, мұның бәрі өте маңызды. Жауапқа тартудан басқа, жазатайым оқиғалар болуы мүмкін. Неліктен қоршаған ортаға, оның бірегейлігіне зиян келтіру керек?!», - деп жазды Экология, геология және су ресурстары министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева Facebook желісінде.

Оның айтуынша, инспекторлар ролик авторларына қатысты құқықбұзушылық хаттамасын толтырып жатыр.

«Туристердің қызғылт Көбейтұз көлімен не істегенін еске түсірейік. Онда адамдар бірегей су қоймасына көліктермен кіріп, қоқыс тастап, табиғи тұзды алып кетті. Өкінішке орай, табиғатқа осындай варварлық жасау жағдайы қайталануда. Бұл ұлттық саябақтарда инфрақұрылымның, өркениетті тәсілдің және ЭКО туризмнің маңызды екенін тағы да дәлелдейді. Әйтпесе, мұндай «жабайы» туризм тек көбейе береді», - деп пікір білдірді С. Ибраева.

Министрлік өкілі қазақстандықтарға үндеу жасады.

«Туристік маусым басталып жатыр. Біздің Қазақстанда әдемі табиғаты бар көптеген орындар бар, оларға бару өте маңызды. Қазақстанның табиғаты еш жерде қайталанбайды! Соңғы жылдары көптеген адамдардың елімізді жаңа қырынан ашқаны қуантады. Бірақ! Біздің ортақ міндетіміз – жалпы қабылданған нормалар мен ережелерді сақтау. Табиғатты қорғап, өскелең ұрпаққа патриотизм мен жануарларға, өсімдіктерге, орманға, тауларға деген сүйіспеншілікте тәрбиелейік!», - дейді баспасөз хатшысы.

Соңғы жаңалықтар