Қайсар Табынов: Біздің вакцина – келесі пандемияларға дайындық

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқапарат – Қазақстандық ғалымдар өз күштерімен нанотехнология негізінде жасаған 2 вакцинаны клиникаға дейінгі зерттеудің соңғы сатысына дайындап жатыр. «Болашақ» түлегі басқаратын ғылыми топ ойлап тапқан бұл өнімдер сынақтардан сәтті өтсе, Қазақстанда нанотехнология бойынша вакцина жасаудың отандық платформасы пайда болады деген сөз. ҚазАқпарат ХАА оқырмандарға осы ғылыми топтың жетекшісі, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табыновпен сұхбатты ұсынады.

Қайсар Табынов – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының биылғы кезеңіне «Ғылым және инновация» аталымы бойынша қатысып жатыр.

-Ең әуелі сіздер жасаған екі бірдей вакцинаның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелгені құтты болсын! Вакциналардың нақты авторы бар ма? Неше ғалым атсалысты?

-Вакцина дайындаған ғылыми тобымыз үлкен емес. Оған Қазақ ұлттық аграралық зерттеу университетінің жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының қызметкерлері, Қазақ-жапон инновация орталығының қызметкерлері және М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті аурулардың ғылыми зерттеу орталығының өкілдері кіреді. Шамамен 12-15 маман атсалысты. Ғылыми топтың жетекшісі - менмін. Одан кейін жетекші ғылыми қызметкер, інім Қайрат Табынов бар. Оның да ғылыммен айналысып жүргеніне 15 жылдан асты. Қазақ-жапон инновация орталығының директоры Нұрлан Сандыбаев, аға ғылыми қызметкерлер Виталий Строчков пен Вячеслав Белоусов бар. М.Айқымбаев атындағы орталықтан Нұргелді Төребеков үлкен көмек көрсетті. Ол - жалпы биоқауіпсіздік жөніндегі офицер. Вируспен жұмыс істеген кезеңде қасымыздан бір елі де қалмай, процестерді қадағалап отырды. Өйткені аса қауіпті вирус болғандықтан, сыртқа шықпауына барлық жағдай жасалуы керек. Оның үстіне бұл кісінің өзі - өте білікті вирусолог. Одан кейін зертхана меңгерушісі Динара Төрегелдиеваны атауға болады. Мен негізгілерін атап өттім. Жалпы жиыны 15 адамдай болады.

- Екі вакцинаның ерекшелігі, өзге вакциналардан айырмашылығы неде сонда?

-Біздің басты жаңалығымыз екі вакцинамыздың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелуінде емес. Негізгі жаңалығымыз - клиникаға дейінгі зерттеулердің қорытынды сатысына жеткеніміз. Яғни, бұған дейін тышқан мен атжалманға сынап көрсек, енді маймылға егіп көреміз. Бұл тұрғыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті толық қолдау көрсеткенін айту керек. Жалпы қаржы мәселесін де сол мекеме шешіп жатыр. Сынақ жүргізілетін жануарлар мен қажетті реактивтер сатып алу керек дегендей. Оның үстіне біз жуықта Білім және ғылыми министрлігінің кішігірім грантын ұтып алдық. Ең бастысы, мынаны айтқым келеді. Халық дұрыс түсінуі керек. Біз ешбір жерде бұл вакцинаны ертең өндіріске енгіземіз деген мәлімдеме жасаған жоқпыз. Қазір ұсынып жатқан вакцинамыз жаңа технологияға негізделген. Вакцина дайындаудың мүлде жаңа тәсілі деуге болады. Біздің басты мақсатымыз – вакцинаның платформасын дайындау. Осыны дұрыс түсіну керек. Жалпы платформаны дайындау біраз жылды талап етеді. Мысалы, Гамалея институтына өзінің палтформасын дайындауға 20 жыл кетті. Соның арқасында қазір вакцина бәйгесінде алдыңғы қатарда жүр. Өйткені технологиясы, бәрі дайын болды. Кішкене ғана компонентін өзгертіп, қазір соны өндіріске енгізді. Біздің мақсатымыз да осы. Өзіміздің технологиямызды дұрыстап жолға қойып, осы пандемия болмаса да, келесі сын-қатерлерге сақадай сай болып, дайын отыру.

-Вакцина платформасы деп нақты нені айтып отырсыз? Ашып, айта аласыз ба?

-Бұл жерде платформа деп тұрғанымыз мынау. Мысалы, Гамалея институтының аденовирусты векторлық платформасын 20 жыл бойы әр түрлі басқа инфекциялар негізінде тексеріп алған. Яғни, бұл платформа жұмыс істейтінін дәлелдеген. Біз негізі өз вакцинамыздың алғашқы протопипін былтыр дайындап қойғанбыз. Бірақ оның қалай жұмыс істейтінін сынақтар мен тәжірибелер негізінде толыққанды көрсетуіміз керек. Өзіңіз иммунитеті қаншаға жетеді деп сұрап отырсыз. Неше рет егуді талап етеді, бір рет пе, әлде екі рет пе? Вакцина қаншалықты тұрақты? Қандай температурада сақталуы тиіс? Осының бәрі платформа. Осының бәрі дайын болғанда ғана біз өндіріске енгізу туралы айта аламыз.

-Түсінікті. Ал осы екі вакцинаның басты ерекшеліктері қандай?

-Біз жасаған тәсіл түбегейлі жаңа технология деп айтуға болады. NARUVAX-C19/Nano – мұрынға тамызу арқылы берілетін вакцина. Бұл вакцинаны синтетиткалық түрінде дайындалған ақуыз негізінде жасадық. Вирустың сыртқы талшықтары дейміз, спайктардың әр түрлі фрагменттерін ала отырып және ол ақуызды толығымен нанобөлшектердің ішіне енгіздік. Оған имунитетті көтеретін әр түрлі қоспа заттар қосамыз. Қазір осы тұсын зерттеп жатырмыз. Әр түрлі формуляцияда қараймыз. Қайсысы дұрыс болатынын бірден кесіп ешкім айта алмайды. Эксперименттер негізінде қарап, көп формуляцияның ішінен біреуін таңдаймыз. Сонымен, NARUVAX-C19/Nano вакцианысының басты ерекшелігі, біріншіден, мұрынға тамызып беріледі. Екіншіден, бұл синтетикалық түрде дайындалған ақуыз негізінде жасалады. Үшіншіден, оның құрамында бұрын-соңды қосылмаған қоспалар бар. Осы формуляция жұмыс істейтінін дәлелдейтін болсақ, жалпы құрамын патенттейміз. Сондықтан қазір бәрін ашып айта алмаймын.

Екінші NARUVAX-C19 вакцинасына келсек, Novavax деген компания бар. Сол компания өз вакцинасын сынаудың үшінші фазасын аяқтап, өндіріске енгізді. Бұл да синтетикалық ақуыз түрінде дайындалады. Құрамында әр түрлі қоспалар бар. Оның үстіне бұлшықетке егіледі. Біздің екінші вакцина осыған өте ұқсас келеді. Ерекшелігі қоспалары әр түрлі. Біздікінде басқа адъювант, оларда басқа адъювант.

Осыған дейін екі вакцинамызды тышқандар мен атжалмандарға ектік дедім ғой. Әзірге алған нәтижелеріміз жақсы. Жалпы бұл вакциналар тиімді екенін көрсетіп жатыр. Бірақ біздің алынған мәліметтер әлі де талданып жатыр. Енді зерттеудің келесі раундын ұйымдастырғалы отырмыз. Адамға егілетін вакцина болғандықтан, бір рет дәлелденген дүниені бірнеше рет қайталап дәлелдеуіміз керек. Бірнеше рет тура сондай нәтиже алсақ қана біз толыққанды мәлімдеме жасай аламыз.

-Сонда жуық арада клиникалық зерттеулерден өтіп, өндіріске жіберіле қоймайды дейсіз ғой?

-Қазір бізге асығудың қажеті жоқ. Нарықта вакцинаның бірнеше нұсқасы ұсынылып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі Қытайдың вакцинасын да алатынын мәлімдегенін білесіз. «Спутник V» онсыз да бар. Бірақ біз де қол қусырып отырмай, өз тарапымыздан зерттеулер жүргізіп, осы пандемия болмаса да келесі пандемияға дайын болатындай жағдай туғызуға тиіспіз. Еcтіген шығарсыз, британдық және оңтүстікафрикалық мутациялары тіркелді деп жатыр. Соны біздің орталықтар анықтады. Бірден оны халықаралық GISAID деректер базасына орналастырдық. Қазір енді осы мутацияланған вирусты бөліп жатырмыз. Бұл бізге не береді? Бұл бізге Қазақстанға келіп жатқан вакциналар мен коронавиурсқа қарсы қолданылып жатқан дәрілік заттардың осы мутацияларға қаншалықты тиімді екенін зерттеп, нақты қорытынды айта алуға мүмкіндік береді. Бұл да өте маңызды жұмыс. Мемлекетіміз бұл вакциналарды өзі ішінде зерттей алатындай шамасы болуы керек. Біз сол тұрғыда белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Тек вакцина емес, қазір ұсынылып жатқан, қолданыста жүрген дәрілердің мүмкіндігін зерттеуге атсалысып жатырмыз. Қазіргі таңда 4 отандық дәрілік затты тексеріп үлгердік. QazCovid-in вакцинасы туралы айтсақ, мен сол институтта бұған дейін 15 жыл жұмыс істегенмін. Сол уақытта құс және доңыз тұмауларына қарсы вакцина жасап, платформасын қалыптастырған едік. Технология жұмыс істейтінін бұған дейін дәлелдеп қойғандықтан, қазір вакцина үшінші фазасынан өтіп, өндіріске жақындап қалды.

-Вакцина жасау кезінде қандай кедергілерге тап болдыңыздар? Оны қалай еңсердіңіздер?

- Ғылыми жұмыс болғандықтан қиындықтар көп болды. Ең алдымен қаржы мәселесі болды. Одан кейін логистика жағынан қиналдық. Қазақстанда ғылым жасаудың бір қиындығы осы логистикада. Өйткені зерттеуге қажетті реактивтердің, яғни, химиялық, дәрілік заттардың, қажетті бір жай ғана құрамдық материалдың өндірісі шетелде ғана бар. Ал АҚШ пен Еуропа елдерінде бұл тұрғыда өте оңай. Өздерінде болғандықтан, өзіндік құны да арзандау болады. Мысалы АҚШ-тағы ғалымдар қандай да бір қажетті материалға тапсырыс берсе, ары кеткенде бір аптаның ішінде жетеді. Ал бізде кез келген материалға тапсырыс беру үшін 3-4 ай күтесің. Оның үстіне алғашында грант болмағандықтан, көп дәрілік заттар мемлекеттік сатып алу арқылы алынды. Ал мемлекеттік сатып алудың өз қиындықтары бар. Ең алдымен өте ұзақ. Екіншіден, не алып келетінін білмейсің. Оның үстіне басында ақпарат тым аз болды. Дегенмен соның бәрін шешудегі ғылыми тобымыздың бір ұтымды тұсы шетелдік ғылыми ұжымдармен тығыз жұмыс істейтініміз болды. Солардың бірі - Австралияның жетекші биотехнологиялық компаниясы VAXINE дейтін серіктесіміз. Кезінде өзім «Болашақ» бағдарламасы бойынша сол жерде тағлымдамадан өткенмін. Сол компанияның жақсы көмегі тиіп жатыр. Біраз нәрселерді бірге жасап жатырмыз. Олар қазір өз вакцинадарын клиникалық зерттеуге шығарып қойды. Дегенмен, бір-біріміздің мәліметтерімізбен бөлісіп, кеңестер алып, көмектесіп жатырмыз.

Екіншіден АҚШ-тың Огайо мемлекеттік университеті де біздің жақсы серіктесіміз. Соңғы 5-6 жылда бірнеше бірлескен мақалалар шығарғанбыз. Олар да нановакцина алу бойынша көмек көрсетіп жатыр. Оның үстіне біздің бір қызметкерімізді сол жаққа бір жылдық тағлымдамаға жібердік. Тағлымдаманы америкалық университет толық өзі төлейді. Осындай коллаборацияның арқасында зеррттеулеріміз жақсы жүріп жатыр.

-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар