+7 (701) 759 90 19
USD 411.54 EUR 458.13
RUB 5.84 CNY 57.64
Jańalyqtar

Қайсар ӘЛІМ: Әрбір тұлға – рухани шамшырақ!

2020 жылғы 13 мамыр 13:47
Бөлісіңіз:
Қайсар ӘЛІМ: Әрбір тұлға – рухани шамшырақ!

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар : Рухани жаңғыру» мақаласында тарихи тұлғалармен қатар ел дамуына елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан әрбір адамның өнегелі істерін насихаттау арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің рухани жаңғыруына сүбелі үлес қосуға болатынын айрықша атап көрсеткен еді. Міне, бұл қағида бүгінде ерекше назар аударудың өзегіне айналып келеді.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеу барысында әдебиет, мәдениет, ғылым, өнер саласы майталмандарының рухани жаңғыруға қосып келе жатқан зор үлесі бүгінгі таңда алға жылжудың таптырмас тегершігіне айналғандай. Демек, әрбір тұлғаны рухани шамшырақ деп бағалауымыздың түп-төркіні де мемлекет дамуындағы алғы шарттардың ең қажеттілігі қатарында саналып, тереңге тамырын жайып жатқандықты білдірсе керек.

Белгілі журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Қайсар Әліммен сұхбаттасқан едік. Онда Елбасының және Президенттің рухани жаңғыруға қатысты қойған талаптарының қандай серпінмен жүзеге асып жатқандығы әңгіме болды.

-Рухани жаңғыруға қатысты өз пайымыңызды суыртпақтап отырсаңыз екен. Журналистика саласындағы алпыс жылға жуық жемісті еңбегіңіз бұл мәселенің жан-жақты қырын ашуыңызға септігін тигізері анық қой.

- Әрине. Журналистика – бұл адам жанын кешенді зерттеудің түп негізіне айналғанын дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Қазақ баспасөзінде сонау кеңес заманында-ақ тұлғаларды дәріптеудің алуан амалдары қолданылатын. Түрлі жанр арқылы, айталық очерк, новелла, эссе, суреттеме секілді тағы басқа да тәсілдермен халыққа ерекше еңбегі сіңген қайраткерлердің кәсіби жетістігімен қатар, жан-дүниелік толғаныстарымен, арман-мақсаттары, қиындықты жеңудегі жанқиярлық ізденістері, отансүйгіштік қасиеттері бірсыдырғы тәуір ашылып жазылатын. Өзім бозбала күнімнен келіп, 22 жыл табан аудармай зор аңсармен еңбек еткен облыстық «Қостанай таңы» газетінде (бұрынғы – «Коммунизм таңы») «Жасампаз еңбек адамы» деп аталатын айдар болып, оның аясында қарапайым еңбек адамдарының өр бейнесін сомдауға талпынатынбыз. Сондай бір мақалада түкпірдегі ауылдың шопаны туралы жазылып, оның қаһарлы қыстағы ерлігі паш етілгеннен кейін, редакцияға оқырмандардан хаттар борап кетсін. Разылық тілектерін айтады, тәнті болады, шопанды кездесулерге шақырады. Әлі есімде жергілікті парторг әлгі шопанды мектеп оқушыларымен жүздестіруге әрең көндіріпті ғой. «Партия қатарынан шығарамын» деген соң ғана көніп, оқушыларға әңгіме айтып берген екен. Сол жүздесу жас өркендерге ой салып, әсерлі болғаны сондай, мамандық таңдауда «мен шопан боламын» деп жар салып, сол сөздерінде тұрғандар да болыпты. Ал керек болса! Мінеки, еңбек адамының елеусіздеу еңбегі сондай сана жаңғыруына түрткі болыпты ғой.

- Иә, жаңғыру түсінігі кең, терең мағыналы ғой. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің мақсаткерлікпен толассыз алға жылжу үдерісіндегі рухани жаңғырудың жөні бөлек. Осы тұрғыдан таратсыңыз екен.

- Бұл тұрғыда да мысал көп, әрқайсысының өзіндік жүгі бар. Мәселе, рухани жаңғырудың қай қырынан келуге байланысты ғой. Ол жағын Елбасы нақты талаппен бекітіп бергендей болды емес пе?! Соның жүзеге асатын асқаралы биіктеріндегі іс-шаралардың шоқтықтылары болады. Айталық, Мемлекет басшысы да бұл орайда бірқатар міндеттер қоя отырып, рухани жаңғыру сипатындағы өз ойларын үнемі халықпен бөлісіп келе жатыр. Мысалы, биылғы әл-Фарабидің 1150 және Абайдың 175 жылдығын атап өту тұрғысында арнайы Жарлық шықты. Соған орай белгіленген іс-шаралар жер-жерде шешімін табуда. Абай тойына қатысты өзім де Семей өңіріне барып, біраз рухани игіліктердің басы-қасында болып қайтқан едім.

- Енді сол сапардан сыр суыртпақтап берсеңіз құба-құп болар еді. Рухани жаңғырудың тамырын дөп басарлық әңгіме боларына сенімдіміз.

- Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Қарауылға кіреберістегі айналма жолда орнатылған «Абай елі – руханият мекені» атты стелланы ашу салтанатына қатыстық. Абай, Шәкәрім және Мұхтардың барельефті-бейнелері үшбұрыш – үш тағанды бәйтерек бұтағына қонақтағандай боп, елге кірген әр пенденің бүйрегін бүлк еткізетіндей. Сезім әсері сәтте жетелеп шоқ талды алаңқай алабынан көзге ыстық басылған Тоқтамыс батырдың ат үстіндегі тұлғасына жанар қадатқызады. Міне, осы ескерткіштің ашылу салтаны басталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Абылай ханның шеп бұзар батырларының бірі, Қабанбай мен Бөгенбай баһдүрлердің сенімді серігі болған, «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы» – Тоқтамыс батыр Лақаұлының туғанына 290 жыл толу құрметіне арналған мерекелік іс-шара уақыт талабына сай салиқалы, тағылымды өтті. Халық жады театрландырылған көріністер арқылы тарихымыздың сан қатпарлы өткеліндегі ел мен жерді қорғаудың жойқын арпалыстарына оралып, бүгінгі Тәуелсіздікке тартылған қиын да қастерлі жолдың өн бойымен ойша жүріп өткендей болып, санасын сілкініткені кәдік.

-Абай елінің, тіпті барша еліміздің рухани жаңғыруына мол үлес қосатын биылғы мерейтойлық жыл, әрине, бар қазақтың сапалық жағынан кемелдене тұлғалануына, тәуелсіздікті баянды етудің қандай талаптарына да сай болуына әсер ететіні белгілі ғой.

- Дұрыс айтасыз. Алдымен белгілі бір өңір рухани сапаласып, жаңғырмай күллі ел діттеген мақсатына жетерліктей боп түлеп-түрлене алмайтыны ақиқат қой. Бұл ретте Абай еліндегі мерейтойлық хал-ахуалдың жай-жапсары, әрине, қандай бір толғақты әңгіменің тамызығына айналып жүргені бесенеден белгілі. Әсіресе, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын мақаласы қалың елдің рухани бағдарының темірқазығына айналғаны аян. Ондағы: «Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз. Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін. Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын»,-деген жүрекжарды сөздердің астарына терең үңілсек, биылғы Абай баба мерейтойы той тойлаудан гөрі, толағай ой ойлауға міндеттейтіндей. Мұны әркім терең ұғынады.

Әсіресе Абай елін аралған сапарымызда мұндай рухани өрлеудің сындарлы мысалдарына әбден қанық болдық. Бірнеше кездесулер өткіздік. Мысалы, Семейдегі Абай атындағы қалалық кітапханада болған жүздесуде оқырмандар ұлы ақынның шығармаларындағы отансүйгіштік, ұлтжандылық, білімділік, адамгершілік сипаттарының елдік мүддеге қызметі тұрғысындағы қағидаттарын бүгінгі өмірмен шебер шендестіре отырып сөз өрбіткені жанды самалмен желпігендей әсерге бөледі. Абай туалы жарияланымдардың көрмесі де мол мағлұматымен тамсандырды. Педагогика колледжінің студенттері Абай қара сөздерін жатқа айтып қана қоймай, олардың мән-мағынасын Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі рухани жаңғыруына қатысты мысалдармен сәтті ұшастыруы ғибратты болды. Мысалы, Абайдың «Отыз үшінші сөзіндегі: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол. Бірақ құдайтағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады»,-деген терең ойларын оқушылардың бүгінгінің міндеттерімен шендестіре білуі сүйсінтті. Міне, жас талап жүрегіндегі осындай жанартаулар болашағымыздың жарқын боларынан хабардар етеді, мерейлендіреді. Рухани жаңғыру осылайша аясын кеңейте берсе игі.

Сондай-ақ Абай ауданының орталығы Қарауылда өткен жүздесулер де өте мазмұнды болды. Орталық кітапханада, орта мектепте негізінен рухани жаңғыруға қатысты әңгіме өрбітілді. Әркімнің сана сілкінісіне ден қойғаны бек қуантты. Сана өзгерсе рухани жаңғыру баянды бола түсері сөзсіз ғой.

- Әрине, рухани жаңғыруға қатысты іс-шараларда отыздан астам кітаптың авторы ретінде өзіңіздің шығармашылығыңыздан тікелей желі тартатын тәмсілдер де елеулі рөл атқаратынын пайымдап отырмыз. Сол тұрғыдан таратып көрсеңіз.

-Рухани жаңғыруға өзек боларлық түйіндер мен түйсік-тәлімдерді тек кейінгі өмір ағымынан ғана іздеу үстірттікке ұрындыратын секілді. Бұл менің жеке пікірім. Сол себепті бұл мәселені кең ауқымды қамтыған абзал шығар. Мәселен, оқырмандарыммен кездесулерімде шығармашылығымның өзегіне айналған тұлғалар туралы кеңінен баяндап беремін. Айталық, алаш арысы Міржақып Дулатовтың шетелде қалған сүйегін туған жері Торғайға әкеліп қайта жерлеу рәсімінің басы-қасында болғанымнан сөз өрбітіп, оның бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізін қаласқанын үлгі-өнеге ете сөйлеймін. Бұл - рухани жаңғырудың жаңа лебі есебінде зор қанағатпен қабылданып жүр. Немесе Міржақыптың соңында қалған жалғыз тұяғы, марқұм Гүлнәр апаймен етене араласып, сырласуымнан туған шығармаларым арқылы өнеге таратқаным да өз мақсатына дөп тиетін сыңайлы.

Қазақтың белігілі жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен отыз жылдан астам хаттасуымыз «Махаббат жыршысы» деген атпен кітап болып шықты. Содан әңгіме өрбіткенімде, жастар махаббат жаңғыруына жылындағандай болып, жанып кететіні тіпті қиюласады екен. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровты көк аспаннан күтіп алып, алғаш тілдесіп, бұл таныстығымыз кейін достыққа ұласқанын айтқанымда, оның бүгінгі рухани жаңғыруға қосып жүрген ерен үлесі тіпті сүбелене түсетінін байқау, қаламгер ретінде бақытқа кенелтеді. Қазір елімізде атом-электр стансасын салу, салмау жөнінде пікір қайшылықтары өршіп тұрған сәтте мен Чернобыль АЭС-інің өрт апатын жоюда ерлік көрсетіп, Кеңес одағының Батыры атағын иеленген қостанайлық Леонид Телятников туралы жазған кітабымнан сыр толғағанымның несі артық? Атом-электр стансасының пайдасы мен зияны қатар сарапталып, қиын түйінді қапысыз шешуге ұмтылыс жасалып жатса, рухани өрлік пен ерлік тамырын тереңнен тартпай ма? Қазақ елінің болашағы қауіпсіз болмай ма? Бейбіт өмірде рухани жаңғыру кемелдене түспей ме? Көздеген мақсатымыз да осы емес пе? Қысқаша айтсам, шығармаларым арқылы рухани жаңғырудың әр қырын терең пайымдауға болатынына көзім жетті.

Қорытып айтатын болсақ, бүгінгідей алуан мәдениет пен технология тоғысқан жаһандану заманында біздің алдымызда ұлттық сананың өрісін кеңейтіп, рухани кемелдене түсу міндеті тұр. Осы мақсатта әркім өз мүмкіндігінше үлес қосса, діттеген меже алынарына сенімдіміз.

Әңгіменізге рахмет.

Сұхбаттасқан Махат САДЫҚ



Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Қоғам, Рухани жаңғыру,
Бөлісіңіз:

Автор:

Махат Садық

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT