Қайрат Келімбетов «Астана» мен «Дубай» қаржы орталықтарының ұқсастығы туралы айтты

None
None
ДУБАЙ. ҚазАқпарат – «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарының қорытындысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президентпен бірге қазақстандық делегация Дубайдың Халықаралық қаржы орталығына барған еді.

«Бұл сапар барысында Дубайда жұмыс жасайтын Таяу Шығыс аймағындағы көптеген компаниялар ҚР Үкіметінің жалпы 40 млрд АҚШ доллары көлемінде ұсынған келісімшарттар аясында жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдірді. Алайда олар келісімшартта көрсетілген толық сомаға емес, кейбір жобаларға қызығушылық танытты. Олар Қазақстанда жұмыс істеуге дайын», -деді Қайрат Келімбетов журналистердің сұрағына жауап беріп.

Сондай-ақ, АХҚО басқарушысы Мемлекет басшысы осы елдің бизнесмендерімен кездесуі барысында оларға АХҚО алаңы арқылы жұмыс жасауды ұсынғанын атап өтті.

«Менің ойымша, бұл өте жақсы бастама, біз оларға өз платформамызды ұсына аламыз. Дубай инвесторлары өздерінің қаржы орталықтарының қалай жұмыс істейтінін жақсы біледі және ол мүмкіндікті бізден де пайдалана алады. Халықаралық қаржы орталығынан басқа, мұнда түрлі тауарлармен, мәселен алмазбен, алтынмен, мұнай мен газ сияқты тауарлармен сауда жасауға арналған ірі платформа бар. Орталық Азия өңірінде осындай үлгіде сауда жасау алаңын құру үшін біз күш-жігерімізді біріктіру қажеттіліктері айтылуда. Дубай Үкіметі Азияны басқа құрлықтармен, Африкамен, Латын Америкасымен байланыстыратын Жібек жолы аймағы үшін осындай онлайн-хаб құру туралы үлкен бастамаме көтеруде. Өз кезегімізде біз де Дубай мен Орталық Азия аймақтары арасында өзара тиімді қарым-қатынас орнатқымыз келеді», - деп толықтырды ол.

Еске сала кетсек, 27 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен келді. Сапар аясында ҚР Президенті Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 28 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан мен Әбу-Даби ынтымақтастықты бекемдей отырып, ашық әрі мазмұды диалог орнатқанын мәлім етті.Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Әбу-Дабидегі шейх Заид мешітіне барды. Сонымен қатар, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өтетін «EXPO-2020» көрмесіне дайындық барысымен танысты.




Соңғы жаңалықтар