Қайрат Әбдірахманов Германия Сыртқы істер министрімен телефон арқылы сөйлесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Германия Сыртқы істер министрі Хайко Мааспен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әңгімелесу барысында тараптар стратегиялық әріптестік деңгейіне шыққан, екі ел арасындағы тұрақты және ілгерілемелі серпін, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы достық және сенімді, оның ішінде жоғарыдағы деңгейдегі диалогты де атап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың барлық мәселелерін одан әрі дамытуды және 2017 жылғы шілдеде Астанада өткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Германия Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің келіссөздерінің негізінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын егжей-тегжейлі талқылады.

Өткен жылғы Германия басшысының сапары барысында
1 миллиардтан астам АҚШ доллары көлеміндегі 21 жобаға қол қойылған экономикалық және инвестициялық келісімдердің маңызды пакеті алғашқы жемістерді әкеліп отыр. Бірлескен күш-жігердің арқасында 2017 жылы сауда көлемі 5 млрд. еуроға жетіп, неміс инвестицияларының 90%-дан астамы біздің экономикамыздың «шикізаттық емес» секторына бағытталған.

Х. Маастың айтуынша, Қазақстан маңызды серіктес болып табылады және Германия ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын. Ол Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий саммитінің және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылуының маңыздылығын жоғары бағалады. Оның қабылдануы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің жаңа перспективаларын ашады.

Тараптар экономиканы жаңғырту және индустрияландыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделілік білдірді. Осыған байланысты Қ. Әбдірахманов Германия тарапын «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, IT-стартап Паркі, сондай-ақ Жасыл технологиялар және ивестициялық жобалар Халықаралық орталығының іске қосу аясында ашылып жатқан мүмкіндіктерді белсенді түрде игеруге шақырды. Тараптар бизнес-қауымдастық үшін қолайлы инвестициялық ахуалдың қамтамасыз етілуінің маңыздылығы туралы уағдаласты.

Германиядағы миллион қазақстандық немістердің және Қазақстандағы екі жүз мың этникалық немістердің маңызды байланыстырушы болып келетін рөлі екі ел арасындағы достықтың «жанды көпірі» ретінде әрекет ететіні ерекше атап өтілді.

Қазақстан Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Еуропалық Одақ пен Орта Азия аймағы елдерінің арасындағы ынтымақтастықтың негізін қалаған 2007 жылғы Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты стратегиясын әзірлеуге және жүзеге асыруға Германияның маңызды үлесін атап өтті. Қазақстан келесі жылы Еуроодақ тарапынан қабылдайтын жаңа Стратегияны тиімді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтындығын атап өтті. Осыған орай, дипломат неміс әріптесін аталған құжаттың мазмұнына енгізу үшін Қазақстанның ұсыныстары Еуропалық Одақтың тиісті құрылымдарына жіберілгені туралы хабардар етті.

Министрлер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, соның ішінде Астана процесінің шеңберінде Сирия мәселесін реттеу және Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарын іске асыру туралы пікір алмасты.

Сұхбаттастар Қазақстан мен Германияның халықаралық аренада көпжақты форматтағы өзара іс-қимылының жаңа сапалы сипатын атап өтті. Қ. Әбдірахманов, өзінің әріптесін Германияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануымен құттықтап, Қазақстан соңғы екі жыл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына белсене қатысып отырған мемлекет ретінде, халықаралық күн тәртібіндегі барлық маңызды мәселелер бойынша әлемдік саясаттың осы маңызды органының жаңа мүшелерімен тығыз ынтымақтастықты жалғастыру мүдделігін білдірді.

Қорытындысында Сыртқы істер министрлері алдағы түрлі деңгейдегі екіжақты байланыстардың кестесін талқылады. Қ. Әбдірахманов Х. Маасты Қазақстанға сапармен келіп қайтуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар