Қай өңірлер Өзбекстан азаматтарын жұмысқа көбірек тартады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр елге шақырылған шетелдік жұмысшылардың көбі Қытай, Түркия және Үндістан елдерінен келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская мәлім етті.

«Өзбекстаннан келетін мамандар негізінен құрылыс және ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға тартылады. Сондықтан оларды маусымдық мигранттар деуге де болады. Өңірлер арасында өзбекстандық жұмысшыларды Шығыс Қазақстан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары көбірек шақырады. Статистикаға сүйенсек, жеке тұлғалар 2020 жылы 310 мың шетел азаматын жұмысшы ретінде елге алғызған», - дейді сарапшы.

Оның айтуына қарағанда, мұндай тенденция әлі де жалғасады.

«Елдегі құрылыс компаниялары да, ауыл шаруашылығындағы кәсіпорындар да біліктілігі төмен шетелдіктерді алдырады. Олар төлейтін айлыққа қазақстандық жұмысшылар жалданғысы келмейді. Өйткені жұмыс ауыр, айлық төмен болып отыр. Бұл тенденция әлі де жалғасатын түрі бар», - деді орталықтың департамент директоры.

Ресми статистика бойынша, 2020 жылы Қазақстанға 14 мың шетелдік жұмысшы квотамен тартылды.

«Бұл - 2019 жылғы көрсеткіштен 1,9 мың адамға аз. Былтыр ел аумағында 104 елдің азаматы еңбек еткен. Әсіресе Қытай, Түрикия және Үндістаннан көп келген. Шетелдік жұмысшыларды тарту көрсеткіші бойынша Атырау облысы алда тұр. Шетелден тартылған жұмысшылардың 40 пайызы осы облыста еңбек еткен. Шетелдік еңбек мигранттарының 45 пайызы құрылыста жұмыс істеді. Олардың 69 пайызы - жоғары білікті, 26 пайызы - орташа білікті болған. Әсіресе инженерлерге сұраныс жоғары», - деді Александра Молчановская.


Соңғы жаңалықтар