Қай министрліктер мен әкімдіктер бюджет қаражатын игере алмады
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,5, республикалық бюджеттің шығыстары - 99,8, жергілікті бюджеттердің шығыстары – 99,5 пайызға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 10 трлн 272 млрд теңгені құрады. 26 млрд теңге атқарылмаған.
«Оның ішінде үнемдеу – 6 млрд теңге, игерілмегені – 20 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомасы мынадай орталық мемлекеттік органдарда қалыптасты: Мәдениет және спорт министрлігі, Бас прокуратура, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі. Игерілмеудің негізгі себептері - конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерінің ұзақ өткізілуі, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау, карантиндік шектеулерге байланысты тауарларды жеткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу», - деді министр.
Осыған орай Ерұлан Жамаубаев орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жоспарланған қаражатты ғана емес, сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген ақшаны да игеруді жеделдетуі қажеттігін баса айтты.
«Яғни, бюджеттік тәртіпті күшейту қажет. Пайдаланылмаған резервтік ақшаны осы жылдың соңына дейін бюджетке қайтаруға тура келеді», - деді ол.
Министр дерегінше, жергілікті бюджет шығыстары 5,6 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 30 млрд теңге.
Биыл өңірлерге 2,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген.
Алдын ала мәлімет бойынша, оларға 1 қазанға 1,5 трлн теңге бөлінді. Атқарылмағаны - 8 млрд теңге. Оның ішінде 2 млрд теңге үнемделді, 6 млрд теңге игерілмеді.
«Ең көп игерілмеген қаржы мына өңірлерде қалыптасты: Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында», - деді ол.