Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы елорда студенттеріне дәріс оқыды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордаға арнайы сапармен келген Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-ул-ислам Аллахшүкір Пашазаде студенттерге дәріс оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті оқытушылар мен студенттер, сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен әріден таныспын. Біз Мәскеудегі Кремльде өткен сеъзге бірге қатысқан едік. Қазақстан мен Әзербайжаннан келген делегаттар қатар отырдық. Сол кезде маған Нұрсұлтан Назарбаевпен танысу бақыты бұйырды. Елбасы сол кездің өзінде өз ұстанымы және көшбасшылық қасиетімен ерекшеленген болатын. Жалпы, әзербайжан мен қазақ еліне ортақ дүние көп. Тарихымыз, мәдениетіміз, тіпті тіліміз де ұқсас болып келеді», - деді Шейх-ул-ислам Аллахшүкір Пашазаде.

Оның айтуынша, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасы бауырластық пен ынтымақтастыққа негізделген.

«Кезінде Әзербайжанның бұрынғы Президенті Гейдар Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевты түріктілдес ұлттардың ақсақалы дейтін. Бұнымен біз де келісеміз. Екі елдің бір кездегі мемлекет басшылары бастап берген достыққа негізделген қарым-қатынас бүгінде жалғасын тауып отыр. Жаңа осы университеттің музейін аралау барысында, өзімнің түркі халқының өкілі екеніме ерекше қуандым. Біздің тарихымыз бен мәдениетіміз бай және оны мақтан тұтуымыз керек», - дейді ол.

Сондай-ақ, құрметті қонақ пен студенттер арасындағы әңгіме-дүкен сұрақ-жауапқа ұласты. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Өз кезегінде аталған жоғары оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов Шейх-ул-ислам Аллахшүкір Пашазадеге алғысын жеткізді.

ЖОО басшының мәлімдеуінше, бүгінде ЕҰУ-де 25 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Оның ішінде 1 мыңнан астамы - шетел студенттері.

Сол сияқты ректор университетте «Дінтау» мамандығының барын еске салды.

Осы күнге дейін аталған мамандықты 170 бакалавр және 70 магистр тәмамдап шыққан.

Соңғы жаңалықтар