Кавасаки синдромы, жасырын спорт жарысы, қатаң карантин: Коронавирустың қазіргі ахуалы қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда елімізде коронавирус инфекциясына қатысты эпидемилогиялық жағдай тұрақталғанымен, басқа мемлекеттерде індет қайта ушыға бастады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов тұрғындар санитарлық дәрігердің айтқан талаптарын орындамаса, тағы да қатаң карантин режиміне оралуымыз әбден мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ, ол мультисистемалық қабыну синдромынан қайтыс болған балалар, шетелден ұшып келген жолаушылар туралы ақпаратты бөлісті.

ҚАТАҢ КАРАНТИН РЕЖИМІНЕ ОРАЛУЫМЫЗ МҮМКІН

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың айтуынша, жағдайдың тұрақтанғанына қарамастан карантин шараларынан біз күткен нәтиже болмай отыр.

«Науқастар саны қайтадан өсуде. Азаматтар санитарлық дәрігердің айтқан талаптарын орындамаса, тағы да қатаң карантин режиміне оралуымыз әбден мүмкін», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов. Оның айтуынша, 7 қазандағы жағдай бойынша елімізде Covid-19 жұқтырған 108 362 адам тіркелген. Соңғы тәулікте 66 азаматтан індет анықталды, яғни 0,6% өскен», - дейді ол.

Оның айтуынша, өткен аптада Италия, Германия сияқты Еуропа елдерінде коронавируспен ауырған адамдар саны 60% артқан.

«Ресейде соңғы тәулікте 11 615 адам ауруға шалдықса, Түркияда күніне 1 603 жағдай тіркелуде. Жалпы Еуроодаққа кіретін елдерде Қазақстанмен салыстырғанда коронавируспен ауырған адамдардың саны 13 есе көп. Сондықтан өте сақ болуымыз керек», - дейді Бағдат Қожахметов.

МУЛЬТИСИСТЕМАЛЫҚ ҚАБЫНУ СИНДРОМЫНАН 2 БАЛА ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Оның айтуынша, 7 қазандағы жағдай бойынша елімізде 74 баладан коронавирус анықталды.

«Олар 1 айлық және 18 жас аралығындағы балалар. Коронавируспен ауырған балалар көбінесе ШҚО-да, СҚО-да және Павлодар облысында тіркелді. 9 бала ауруханаға жатқызылды. Жалпы алғанда 32 балада ауру симптомсыз өтіп жатыр. 31 балада ауру өте жеңіл түрде өтуде. 8 балада орташа ауыр деңгейде өтіп жатыр. 1 балада бактерия сипатты пневмония анықталды. Барлығы 46 оқушы бақылауда. 3 бала балабақшаның кезекші топтарында болған», - дейді ол.

Сондай-ақ, Қазақстанда 45 баладан мультисистемалық қабыну синдромы анықталған.

«Мультисистемалық қабыну синдромы анықталған балаларға тоқталып өтсем: бүгінгі таңда 45 жағдай тіркелген. Жас ерекшелігі бойынша, екі бала 1 жасқа толмаған. 1-5 жас аралығында – 11 бала, 5-17 жасқа дейін – 28 бала тіркелді. Өкінішке орай, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 бала қайтыс болды», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН ЖОЛАУШЫЛАР ҮШІН ҚАТАҢ ШЕКТЕУ ЕНГІЗІЛЕДІ

Коронавирустың таралу қаупін тоқтату үшін Қазақстанға шетелден келген жолаушылар үшін қатаң шектеулер енгізіледі.

«Өткен аптада қабылданған шешім бойынша, елге кез келген көлікпен (ұшақ, пойыз) келген жолаушының дене қызуы болса, дереу стационарлық изоляторға орналастырылады. Ол жерде дене қызуы не үшін көтеріліп тұрғанын, қандай аурумен ауыратынын анықтайды. Қазақстанға келген шетелдік және қазақстандық азаматтардың ұялы телефон нөмірі тіркеледі. Бір көлікпен келген азаматтардың біреуінен 14 күн ішінде коронавирус дерті анықталса – ол адаммен бірге келген барлық жолаушы, онымен байланыста болған барлық адам анықталып, тиісті шаралар қолданылады», - дейді ол.

6 қазаннан бастап Қазақстанға шетелден келетіндер коронавируспен ауырмайтыны ПТР тестпен дәлелденген анықтама әкелуі керек деген шешім қабылданғаны бәрімізге мәлім.

«Мұндай анықтамасы жоқтар 2 тәулікке карантиндік стационарға жатқызылады. Бірінші тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласына 510 жолаушы ұшып келді, оның 177-і карантинге жатқызылды. Алматыға ұшып келген 1 228 жолаушының 278-ы анықтамасыз келген. Олар да карантинге жатқызылды. Атырау қаласына ұшып келген 28 адам карантиндік стационарға жатқызылды. Сонымен бірінші тәулік ішінде елімізге 1 912 жолаушы ұшып келсе, 1428-інде коронавируспен ауырмайтыны туралы анықтама болса, 484 жолаушыда ондай анықтама болмаған. 483 жолаушы екі күндік карантинге жатқызылды. Анықтамасы жоқ жолаушылардың біреуі консул қызметінің өкілі болған. Талап бойынша ол үй жағдайындағы карантинде болды», - дейд ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Ол брифинг барысында коронавирустың қант диабетімен ауыратындарға әсері туралы сұраққа жауап берді.

«Қант диабеті бар науқастарда кез келген инфекциямен ауырған кезде қаны қоюланып кетеді. Коронавирус көптеген созылмалы аурулардың жағдайын қиындата түседі. Қант диабеті қосымша патологияға кері әсер етуі мүмкін. Қант диабеті кез келген қосымша аурудан кейін, соның ішінде коронавирустан кейін асқынып кетіп, қалпына келуі күрделі болады. Созылмалы дерті барлар, соның ішінде қант диабетімен ауыратындар өздерінің денсаулығына айрықша мән бергені жөн», - дейді ол.

СПОРТШЫЛАР АРАСЫНДА ДА КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН ЖАҒДАЙЛАР БОЛҒАН

Сонымен қатар, ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Алматы қаласында қанша медициналық қызметкер жұмыс бабында жүріп коронавирус жұқтырғаны үшін үстемақы алғанын айтты.

«Алматы қаласы бойынша 1 206 медициналық қызметкер коронавируспен ауырған болатын. Оның ішінде 495-і үстемақы алды. Жергілікті комиссияның пайымдауы бойынша, 907 медициналық қызметкер осы сырқатты өзінің қызметі барысында жұқтырған. Қызмет бабында жүріп ауру жұқтырып, қаза болған 2 әріптесіміздің отбасына жергілікті комиссияның шешімімен 10 миллион теңге көлемінде үстемақы төленді», - дейді Тимур Сұлтанғазиев.

Онлайн брифинг барысында футзал бойынша Қазақстан кубогы жасырын жарыс өткізіп жатқандығы туралы сұрақ қойылды. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Командалар ойнай бастады, бірақ федерациядан нәтижелерді жарияламау және турнирлерді жарнамаламау туралы нұсқау алған.

«Жұмыс істейтін спорт ғимараттары бас санитарлық дәрігердің шешіміне сәйкес тексерілуі керек. Карантин режимін бұзудың нақты фактілері бойынша ақпарат орталық аппарат комитетіне тікелей түскен жоқ. Егер мұндай жағдай орын алса, қаулыны қай өңірдің қандай спорт командасы бұзғанын айтып өту керек. Біз эпидемиологиялық жағдайдың, әсіресе шетелде, өте шиеленісті болып жатқанын көріп отырмыз. Көптеген спорт жарыстар шетелдік спортшылардың қатысуын да көздейді. Спортшылар арасында да коронавирус жұқтырған жағдайлар болғанын білеміз. Тиісінше, бүгінгі таңда мұндай мәселе ведомствоаралық комиссия деңгейінде шешіледі», - дейді ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев.


Соңғы жаңалықтар