Қауіпті нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қадағалау күшейтіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіру, қауіпті нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс істеуге тартылатын аттестатталған және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың қызметін реттеуге бағытталған.

«Кәсіпорындарда өндірістік бақылау рөлін арттыру мақсатында өндірістік бақылау қызметтерінің лауазымды тұлғаларының қызметін регламенттеу және олардың мәртебесін күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, ұйымның лауазымды тұлғаларын қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, талаптарды бұза отырып жүзеге асырылатын жұмыстарды тоқтата тұру өкілеттігімен өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйін тексеруді ұйымдастыру мен жүргізу, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін адамдарды жұмыстан шеттету құқығын беру ұсынылады», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған ұйымдардың және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметтерді ұсынатын ұйымдардың қызметін реттеу үшін заң жобасында осы ұйымдарға қадағалауды жүзеге асыру көзделеді.

«Қауіпті өндірістік нысандарда апаттар мен оқиғаларды тергеп-тексеруді жүргізудің бірыңғай тәртібін белгілеу үшін апаттар мен инцидентті тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның өкілеттіктерін, оларды құру тәртібін, нәтижелерін ресімдеуді және ұйымдардың тергеп-тексерулер жүргізілгеннен кейін іс-қимылдарын нақтылау ұсынылады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар