Қауіпсіз және заңды миграция туралы жаһандық шарт қабылданды

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қауіпсіз, реттелген және заңды көші-қон туралы жаһандық шарттың ресми түрде қабылдануын қоштады. Бұл туралы бүгін Бас Ассамблеяда өткен дауыс беруге орайластырылған мәлімдемеде айтылған. Шартты қолдап 152 ел дауыс берді. Бес мемлекет қарсы болса, 12 ел дауыс беруден қалыс қалды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

Антониу Гутерриш құжатты әзірлеуге қатысқан және оның ұсынылуына атсалысқандарға, сондай-ақ қолдау білдіргендердің барлығына алғыс айтты.

«Осы процестен шет қалуды жөн көрген мемлекеттер шарттың құндылығына көз жеткізіп, оған қосылады деп үміттенемін», - деп мәлімдеді ол. Құжатқа қарсы Венгрия, Израиль, Польша, АҚШ және Чехия дауыс берген. Қалыс қалған 12 елдің арасында Латвия бар.

«Құжат заңды тұрғыдан міндетті құжат болып табылмайды. Бірақ ол халықаралық қоғамдастық сүйеніп отырған негізгі принциптерді қуаттай түседі. Оның ішінде ұлттық егемендіктің қағидаттары мен адам құқықтарының әмбебаптығы бар», - деп еске салды БҰҰ Бас хатшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Қауіпсіз, реттелген және заңды миграция жөніндегі жаһандық келісімшартқа қосылуды қолдады. 

Соңғы жаңалықтар