Қасымхан Бегманов: Ұлттық рухты материалдық дүниелер басып озбауы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.

Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған осынау өрелі істерге үлес қосып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, этнографиялық «Дәстүр» журналының Бас редакторы, көрнекті ақын Қасымхан Бегмановпен сұхбаттасқан едік.

– Ұлттық рух жөнінде, жалпы кешегіміз бен ертеңгімізді бір сүзгіден өткізіп алу үшін де оқырманға айтарым қордаланып қалған сияқты. Бүгінгі таңда ұлттық рухты материалдық дүниелер басып озып тұр. Бірақ сол рухымыз көтерілмей үлкен материалдық дүниеге жетудің өзі қиын. Бұл туралы ғалымдар да түрлі пайымдауларын жазып жатыр. Өз басым жүріп өткен жолымда мұндай мысалдарды көптеп айта аламын. Кешегі Мұстафа Шоқайды немесе Жағда Бабалықты алайықшы. Бүгінгі күннің шыңы олардың тек сол рухани болмысынан туған өшпес мұраларымен сусындап отыр. Иә, рухани дүние белгілі бір уақытқа дейін материалдық дүниеге тәуелді болады. Көп жылдар мен мынау ұлан-ғайыр жерді ата-бабаларымыз қалай бүгінгі ұрпағына аманаттады екен, жері үшін соғыспаған ел, ұлт болмады деп, ойлайтынмын. Кейін бұл біздің рухымыздың асқақтығынан екенін түсіндім. Біз рухы мықты ұлтпыз. Енді осы рухымызды болашаққа қандай деңгейде аманаттай аламыз, бүгінгі барлық әңгіме осыған кеп тіреліп тұр. Бүгінгі «Рухани жаңғыру» бір адамның мүддесі емес екенін түсінген әрбір қазақ рухтың қайта жаңғыруына қызмет етуі керек. Бірақ көп жерлер оны науқаншылыққа айналдырып жіберген сияқты. Қадір-қасиетін толық сезінді деп айта алмаймын.


Жапондықтар ұлттық рухты берік сақтап қалғанының арқасында мықты мемлекет болып қалыптасты. Жаңа айтқанымдай бізде де ұлттық рух мықты. Мен оны ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналын шығара бастағаннан-ақ редакциямызға хабарласып, дәстүріміздің бүгінгі жәй-күйіне алаңдап, ежелден қалыптасқан қастерлі салт-санамыз бен әдет-ғұрпымыздың шашауын шығармай, «жаңа заманға қалай бейімдесек болады?» деген ыңғайдағы сауалдарды жиі қойып, ұлттық болмысымыздың жандануына жалпы халықтың бей-жай қарамайтынынан аңғардым.

Осындай сансыз сауалдарға жауап табу үшін көп іздендім. Ерінбей еңбектеніп келемін. Өзіміз жарытып жауап бере алмаған кейбір оқырмандарға «іздегендеріңізді осы кітаптан табасыздар» деп сол саланы жетік зерттеген ғалымдардың ғылыми еңбектеріне сілтемелер жасадым. Сонда да қанағаттанбаған кейбір бауырларымыз: «аға, біз де қарап жүрген жоқпыз, ол кітаптармен жете таныспыз. Бірақ «не үшін?« деген қарапайым сауалға бәрібір нақты жауап таба алмадық» деп қайыра сұрақ қойғандар да аз болмады. Содан ойланып-толғанып, ұлтымыздың тағдырына байланысты түрлі саланың кәсіби мамандарымен, этнограф ғалымдармен сұхбаттаса келе, оқырманның бізге қойған түрлі сауалдарын жетілдіріп, өңдеп, жөндеп, болашақта қамтылуға тиіс-ау деген сұрақтарды әбден сұрыптап: «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» деген жобаны іске асырдым.

«Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналын үзбей шығарып келе жатқаныма, міне, он жылдан асып барады. Әрине, қандай істі болмасын бастау қиын болатыны белгілі. Жан аямай еңбек еттім. Іздендім, зерттедім. Өмірлік тәжірибемді, оқып-білгенімді, көргенімді, жиған-тергенімді, көкейге түйгенімді, түсінгенімді кәдеге жараттым деп ойлаймын. Білмегенімді кәсіби мамандардан сұрадым, білгенімді оқырманмен бөлістім. Сол арқылы өзім де осы салаға бейімделе-мамандана бастадым.

Журналымызда жиі көтерілетін көкейкесті мәселелер мен танымдық-тағылымдық материалдарға қатысты авторларымыз бен оқырмандарымыз да үнемі өз пікірлерін білдіріп, өзіндік ойларымен бөлісіп келеді.

Негізі, «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты жобамды іске асыру жайлы ой көкейіме «Дәстүр» этнографиялық журналын жарыққа шығарған күннен бастап арманыма айналды десем де болады. Бұл жобамның ең алғашқы кітабы халық этнографиясының ірі өкілі Жағда Бабалықұлымен «Этнографпен әңгіме» сұхбат-кітабының жарық көруімен басталды.

«Дәстүр. Кеше. Бүгін. Ертең» атты жобам халық этнографиясының көрнекті өкілі Жағда Бабалықұлының туғанына жүз жыл толуына орай ұйымдастырылды. «Арманым жоқ, тәуелсіздік таңының жарқырай атқанын көрдім, мәңгілік болуын тілеймін» – деп еді-ау ұлтын шексіз сүйген қарт абыз. Елге, Отанға деген асқан сүйіспеншіліктің, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсеткен еді! Жағда Бабалықұлының осы бір ауыз сөзі есіме түскен сайын, «тәубә, тәуелсіз ел болғанымызды көрдім, оған өзім не бере алдым» деген ойлар жаныма жай таптырмайтын болды. Сонымен араға бірнеше жыл салып жалғасын тапқан «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» осылай рухани жаңғырды десем болатын шығар.

– Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп жазды. Осы тақырып аясында Қасымхан аға, әңгімемізді өрбітсек.

–Төрт томдығыма ғылым докторлары мен кандидаттарының тақырыптық монографиялары негізінде алынған сұхбаттар, сонымен қатар, халық этнографиясымен айналысып жүрген зиялы тұлғалармен сұхбаттар енді. Төрт томдық толық түгел сұхбаттарға құрылған. Яғни, өзіңіз айтып отырғандай бәріміз жұмылып дәстүрге шекеден қарап емес, оқырман сұранысын қанағаттандыру мақсатынды еңбектендім. Төрт томдықты оқыған адам мұны түсінеді. Өйткені бұл жаңа айтқанымдай, о баста халықтың сұранысынан туындаған іс. Ұлттың қажетін өтейтін, халықтың көкейіндегісін тап басатын, болашаққа қызмет ететін, жас ұрпақтың таным-түсінігін қалыптастырып, көңіл көкжиегін кеңейтетін кітап.

Бұл кітаптардың тағы бір ерекшелігі – қолөнер шеберлерін де этнографиядан бөліп жармауды жөн көремін. Себебі ұлттық нақыштағы қолөнеріміз де қазақ халқының баға жетпес байлығы, ұлттық құндылықтары екені бесенеден белгілі. Көзден кетіп, көңілден өше бастаған кейбір қолөнерімізді де қайта жаңғыртып, заман талабына сай дамыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Ұлттығымызды айшықтап, өзге халықтан ерекшелеп тұратын да осы ұлттық киімдеріміз ғой.

Қазақ этнографиясына қатысты материал жинау, салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатымен жыл бойына еліміздегі барлық облыстарды аралап шықтым. Облыс орталықтарындағы архивтерде, музейлерде, кітапханаларда болып өлекетанушылармен, этнографтармен, мұрағаттанушылармен, мұражай қызметкерлерімен кездестім, әңгімелестім, кеңестім, пікір алмастым. Әңгімелерін жазып алдым. Облыстардағы музей мен архивтердегі этнографиялық жәдігерлер туралы да осы кітаптардан оқып-біле аласыздар.

Менің міндетім – зиялы қауымды ұлттық салт-дәстүрімізді жан-жақты жетілдіріп, дамыта түсуге, осы игілікті іс-шараны көп болып қолға алуға шақыру. Жұмылдыру. «Уықты – басқұр, ұлтты – дәстүр сақтайды» деп тегін айтпаса керек бұрынғылар. Ал дәстүрді кім сақтайды? Әрине, ұлт сақтайды. Міне, ендеше осы бағытта атқарар шаруалар шашетектен. Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырып, тұрмыс-тіршілігімізге етене еніп жатыр. Бұл әрине қуанарлық жай.

Дәстүріміздің кешегісі, бүгіні, ертеңі туралы келелі әңгіме қозғап, ұрпаққа ұлағатты сөз арнап, үлгі-өнеге көрсету біздің басты парызымыз деп білемін. Салт-сана, әдет-ғұрыптарымыз жайлы сыр шертетін сұхбат кітаптардың мән-маңызы да ерекше.

– Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек» деген сындарлы сөзі тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашты. Егемендіктің ширек ғасырында ел тарихының көмескі беттері қайта ашылып, мемлекетіміздің соңғы жүзжылдықта жүріп сүрлеуіне жаңаша баға берілуде. Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеті ешбір елді таңдап, ешбір адамды талғаған жоқ. 1920-1950 жылдары Кеңестер Одағында миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтың қаншама қабырғалы тұлғалары сол солақай саясаттың құрбандарына айналды.Қанды қасап кезеңде қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшіріліп әкелінді. Осы орайда Қасымхан аға, сіз халқымыздың ұлағатты тұлғасы Мұстафа Шоқай ғұмырнамасы туралы түсірген деректі фильміңіз туралы оқырмандарымызға айтатын ойларыңызды ортаға салсаңыз.

– Фильмге Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған атамекені – Наршоқы өңірі, алғаш білім алған ордасы – Әліштің мектебі, үлкен сапарға аттанғанда өзі сөз сөйлеген Шиелі станциясы және кемеңгердің ағайын-туыстарымен және өзін немесе қызметтес болған әріптестерін көрген адамдармен әңгіме-сұхбаттар жасадым. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмінің басты құндылығы – бұрын-соңды ешбір баспасөзде жарияланбаған және бейнетаспаға түсірілмеген осы Мұстафа Шоқайдың өміріне қатысты құнды деректер мен көріністерден тұрады. Қазір бұл жер құм басқан төбелерге айналған. Шиелі ауданындағы көп төбелердің бірі осы Наршоқы. Ал сол 2008 жылдары мен таспаға жазып алған Мұстафа Шоқайдың ол туыстары қазір марқұм болып кетті. Олар Мұстафа Шоқайды көрмесе де, оны көргендердің көзін көрген аяулы жандар еді.

Мысалы, Болат Мырзекеұлы Қалымбетов. Алматы маңындағы Ұзынағаш ауылында елу жыл тұрды. Туыстарының ішінде Мұстафа Шоқай туралы көп ізденген кісі. Болат ақсақал Шоқайдың інісі Қалымбеттің Мырзекесінің ұлы. Ол кісі беріректе қайтыс болды. Ұзынағашқа Мәмбет Қойгелді екеуміз бардық. Сол жерден үй алып береміз деп те біраз жүгірдік…

Данияр Даниярұлы Сыздықов ақсақал Шиелінің Мұстафа Шоқай ауылында тұрды. Мұстафа Шоқайға өте жақыны осы кісі еді. Шоқайдан – Сыздық, Мұстафа, Нұртаза тарайды. Ерғали ақсақал Сыздықтың Данияр деген ұлынан. Сыздықұлы Ерғали 1941 жылы Ұлы отан соғысына кетіп, қайта оралмапты. Данияр ақсақал сөйтіп әкеден де, шешеден де ерте қалып, жетімдіктің зардабын шеккен. Шоқай туыстарын қудалағанда, ауылда қалып, қой соңында жүріпті.

Ал, Нұртазаның ұрпағы – ұлы Мәдияр, қыздары – Мәдина мен Нәмина. Мен Нәмина апамызбен жүздесіп, сұхбаттастым. Мәдина апамыз сәл бұрын ғана қайтыс болып кетіпті. Мәдина апамыздың ұлдары – Серікбай Шермахан, Мұхтар Шермахан бауырларыммен сұхбаттасудың реті келді.

Ойдан Кенжеғұлұлы ақсақал – Торғайдың баласы Қалымбеттің немересі. Осы кісі маған сол кезде Мұстафа Шоқай туралы өз естелігін айтып берген еді, марқұм. Сонымен қатар Торғай датқаның інісі Әжібай батырдан тарайтын Әбілханқызы Бейсенгүл апа, Әбдікерім Аманқұлұлы, Елтай Әбдіқадыров, сияқты біраз аталас туыстарымен де жүздесіп, сұхбаттасқанмын.

Ташкент қаласындағы Әлішер Науаи атындағы Орталық ұлттық кітапханасынан, Өзбекстан Республикасының мемлекеттік мұрағатынан және Ташкент, Ферғана, Қоқан қалаларының мұражайларынан, сонымен қатар Өзбекстанның тарихшы ғалымдарының жеке мұрағаттарынан алынған құжаттардың бейне жазбалары мен түп нұсқалары көңіл аударарлық. Мәселен: 1917 жылдың 11 қарашасында Түркістан аймағының демократиялық ұжымдарының кезекті мәжілісінің хаттамасы табылды. Онда Мұстафа Шоқай төраға болып сайланады. 1894 жылы жарық көрген «Живая старина» журналының Мұстафа Шоқайдың жеке қолы қойылған данасы да табылды. 1922 жылы Мұстафа Шоқайдың Парижден Ташкенттегі досына жазған хатының тұп нұсқасы алынды. «Ұлық уйм» атты Бұхар бірлестігінің 1919 жылғы араб графикасымен жазылған бағдарламасы алғаш рет жарыққа шығады. Мұстафа Шоқай осы бірлестіктің мүшесі болған. Мұстафа Шоқайдың үшінші сыныпты бітіргенді жөніндегі куәлігі, кәмілеттік жасқа толғандығын куәландыратын аттестаты, Ташкент ерлер гимназиясы директорының Мұстафа Шоқайды оқуға қабылдағандығын растайтын рапорты, тағы да басқа көптеген дерек көздерін алдым. Сонымен қатар деректі фильмге өзбекстандық тарихшы ғалымдар мен экспедиция мүшелерінің «Мұстафа Шоқай жолымен» атты дөңгелек үстел басындағы әсерлі сұхбаттары да енген. Негізгі мақсат – Мұстафа Шоқайдың жүріп өткен жолы болғандықтан Мұстафа Шоқай оқыған ерлер гимназиясы, Солтүстік теміржол бекеті және ескі ғимараттар мен ескі көшелер, М.Шоқай мен Мариям Шоқайдың некесін қидырған мешіт түсірілді. Қоқан автономиясы құлағаннан кейін Мұстафа Шоқайдың қышлақтар арасындағы сүрлеу жолдармен жүріп өткені белгілі. Деректі фильмнің де құндылығы Мұстафа Шоқайдың осы жолдармен жүріп мазарларға жасырынған жерлерін алғаш рет түгел көрсетіп, көп мәселелер осы сапар барысында анықтағандығында. Ташкент, Ферғана, Коқан қалалары мен Гаухана, Елеш, Құмбасты кышлақтарынан алынған аса құнды құжаттар, деректер, фото суреттер алғаш рет халыққа көрсетілгелі отыр. Санкт-Петербург: 1910 – 1917 студенттік жылдарын және Мемлекеттік Дума Мұсылман фракциясының бюросында жұмыс істеген күндерін өткізген (Шоқай кейін 1918 жылы Ташкенде саяси жұмыстармен айналасып жүргенде бір-екі рет Петерборға барып Уақытша үкімет бастығы Керенскиймен кездесулер өткізген).

Санкт-Петербург – Мұстафа Шоқайдың білім алған, Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясында жұмыс атқарған қаласы. Фильмге Мұстафа Шоқайдың студент кезінде жалдап тұрған пәтерлерін Петорбордың ескі картасы мен қазіргі картасын салыстыра отырып тапқан сол ескі бейнелері енген. Бұл табылған мекен-жайлар студент Мұстафа Шоқайдың оқу жарнасын төлеген түбіртектерінде анық көрсетілген екен. «Мұстафа Шоқай жолымен» сапарнамалық, деректі зерттеу кітапта сол түбіртектерге дейін алғаш рет жарық көрді. Ең басты жаңалық – Мұстафа Шоқайға «Личность Петербурга» медалінің «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясының аясында берілуі деп білемін.

Санкт-Петербург қаласының Орталық мемлекеттік тарих мұрағатынан Мұстафа Шоқайдың №281 іс-құжаты табылды. Онда: Мұстафа Шоқайдың университет ректорына жазған өтініші, сынақ кітапшасы, студенттік билеті, Санкт-Петербург қаласында тұруға болады деген рұқсат қағазы, оқуға төлеген жарналарының түбіртектері және Мұстафа Шоқайдың «1917 жылдың естеліктерінен үзінділер» атты кітабының Токиода басылған нұсқасы алғаш рет көрсетілді. Өйткені бұл іс-құжатты, яғни ондағы бүкіл құжаттарды мен екінші болып ашып отырмын. Қандай мұрағатқа барсаң да сенің бүкіл ата-тегіңді, құжат нөмерлеріңді жазбай архив материалдарын бермейтіні анық. Менің алдымда Шотбақова деген бір әйел ашыпты. Екінші мен.

Сол іс-құжаттан табылған Мұстафа Шоқайдың студент кезіндегі суретін «Мұстафа Шоқай жолымен» атты кітабымның мұқабасына бердім. Бұл сурет айналымға алғаш рет солай түскен еді. Сонымен қатар Мұстафа Шоқайдың метрикесінің көшірмесі, зачет кітапшасының көшірмесі, ректор атына өз қолымен жазған өтініші сияқты көптеген құжаттар жарыққа шықты. Экспедицияның келесі сапары Мұстафа Шоқайдың эмиграциялық өмірінің бастау алған жері – Кавказ өңірі. Баку - Мұстафа Шоқайға қатысты тарихи қалалардың бірі. Аса ірі мемлекет қайраткерінің бұл жерде ұзақ тұрмағанымен шетелде атқарылуға тиісті жұмыстарының негізгі жоспарын Бакуде жасаған тарихы осы бағытта анықталды.

Грузия елшілігі орналасқан Полициская №20 үйі осы экспедиция тұсында табылды. Көне ғимарат. Мариям Шоқай өз естелігінде жазғандай Мәриям Шоқайға Әзербайджаннан Грузияға кетуге рұхсат беретін ресми құжаттар осы ғимаратта берілген. Үйдің қабырғасына ілінген «1918-1920 жылдары Грузияның елшілігі осында тұрды» деген жазуы бар тақтайша тұр.

Бұл сапардың құнды деректерінің бірі Ататүріктің «Түркістан» журналына байланысты шығарған шешімі. Осыған орай Мұстафа Шоқай 1934 жылы «Жас Түркістан» журналының №60 санына былай деп мақала жазады. «Бұлай болады деп ешқашан да ойламаған едік. Күтпеген жерден кездейсоқ соққыға душар болып отырмыз. Түркия Үкіметінің қаулысымен «Яш Түркістан» енді Түркия жерінен таралмайтын болды. Мұндай шара Түркияда тұрып, «Яш Түркістанды» алып тұратын түркістандықтардың ғана емес, сонымен қатар Түркияны өзінің екінші отаны санаушы барлық түркістандықтардың жүрегіне ауыр салмақ түсіріп отыр» деп күйзеледі. Қайраткер бабамыз журналдың Түркия үкіметінің мақсат-мүддесіне нұқсан келтіретін бұрын-соңды мақала жазбағанын, орайы келгенде Түркия үкіметінің өзге елдермен жасаған қарым-қанынастарына оң баға беріп отырғанын айтыпты.

Грузия – Мұстафа Шоқайдың Кеңес өкіметінен екі жыл бой тасалаған кездегі алғашқы паналаған мемлекеттің бірі. Тблисиде екі жылға жуық тұрған кезде мақалалар жазған, шығарған басылымдарының орнын іздеп таптым. «На рубеже» журналы, «Волный горец» пен «Борьба» газеттеріне жазған мақалаларының көшірмесін елге алғаш рет алып келдім. Мұнда М.Шоқай Түркістан мәселесін жазған. Сонымен қатар Мұстафа Шоқайдың қолтаңбасымен басқа да кітаптар да таптым.

Батуми порты Мұстафа Шоқайды алғаш қарсы алып, шығарып салған тарихи қала. Батуми мұрағатынан тапқан ең үлкен олжамыз – Мәриям Шоқайға берген ресми төлқұжаттың көшірмесі болды. Мен оны құпия бөлімнен таптым. Онда былай деп жазылыпты: «Куәлік. Осы қол қойылып мөр басылған куәлік Мәриям Шоқайдың Ресей құрылтайы мәжілісінің Ферғана облысынан сайланған мүшесі Мұстафа Шоқайдың жұбайы екенін растап беріліп отыр. Үкіметтің ерекше өкілі» деп астынан іс басқарушысы өз қолын қойған.

М.Шоқай 1921 жылы наурыз айында Ыстанбұлға келді. Ыстанбұлда болған кезде Мұстафа Шоқайдың жары Мәриям Шоқаймен баласындай болып сегіз жыл бірге өмір сүрген және Түркістан легионының жетекшісі болған Уали Қаюмханның көзін көрген, бұл күнде осы шаһарда тұратын 92 жастағы Әлім Алмат ақсақалмен болған сұхбат кім-кімді де бей-жәй қалдырмасы анық. Қазақ қариясы көптеген күмәнді жәйттардың бетін ашты. Сонымен қатар Мұстафа Шоқайдың қайтыс болуына орай 1942 жылдың 25 желтоқсанында шығарылған фотоальбомының түп нұсқасын елге тұңғыш рет алып келдім. Ыстанбұлда Темір Қожаұлының жеке мұрағатынан Мұстафа Шоқайдың төлқұжатын көрдік. Көшірмесін алдық. Таспаға жазып алдық.

– Халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат. Әңгімеңіздің сарынынан осыны анық байқап отырмын. Сіз жан – жақты зерттеген халқымыздың аяулы азаматы Мұстафа Шоқай еңбектерінде де осы зұлмат пен нәубет жылдары жазылды ғой. Тағы да Отанына сыймай, еріксізден Еуропаға барып ел қамын, келешегі үшін қам жеген азаматтың ерен істерін әңгімемізге тиек етсек.

– Мұстафа Шоқай өз еңбектерінде Францияны Түркістаннан кем көрмегенін, туған жеріндей қастерлегенін жазады. Тіпті, бір мақаласында «Париж менің екінші отаным, француздар менің екінші туған халқым» деген қала бұл. Сапарда Мұстафа Шоқай өміріне қатысты құнды деректер, орыс эмигранттарының ұрпақтарынан алынған, бұрын еш жерде жарияланбаған фотолар, ең бастысы әр жылдары жалдап тұрған үйлері бейне таспаға түсірілгендігі. Сонымен қатар Францияның Ножан-Сюр-Марн, Шелль, Фонтенбло қалаларында да болып Мұстафа Шоқай өміріне қатысты деректерді дәлдігімен жазып алдым.

Мұстафа Шоқай жырақта өткен жиырма жылдан астам уақытта түркі халқының дәстүрін, оның ішінде қазақ халқының ырым-жорамалдарын француз тіліндегі газет-журналдарға жазып, насихаттап отырған. Осы сапарда Мұстафа Шоқайдың Еуропа баспасөз беттерінде 1921-1941 жылдар арасында жариялаған мақалаларының 100-ге тарта (бұрын еш жерде жарияланбаған) көшірмесін бейне таспаға түсіндірмесімен жазып алдық және көшірмесін алып келдік.

Берлин қаласындағы 1929 жылдан 1941 жылға дейін М.Шоқайдың басшылығымен шығып тұрған «Яш Түркістан» журналы редакциясының орны, атақты концлагерлер қамтылды. Түркістандық тұтқындар отырған Простакан, Эбендорд, Пагеген, Дембица, Сувалки, Деба, Ярослау, Дебис, Лемберг, Компьен лагерлері орналасқан жерлерінің бүгінгі бейнесі фильмге қаз-қалпында түсірілді. Мұстафа Шоқай жатқан атақты Виктория ауруханасының да бүгінгі тіршілігі мен аурухана ауласындағы ұлы күрескердің соңғы сапарға кетерде жатқан 21 ғимаратында орналасқан морг аса әсерлі түсірілді.

Мұстафа Шоқайдың зиратындағы, зират күтушісі түрік жігіті мынандай әңгіме айтып берген. «Қадыр түнінен екі-үш күн бұрын Мұстафа Шоқайдың басынан өздігінен жанып тұрған шырақты көрдім. Бұл құбылыс үш күн бойы өзгерген жоқ. Мұстафа шын мәнінде тәңірдің сүйіктісіне айналған пенделерінің бірі. Оның ісінің ақтығы, әрекетінің дұрыстығы осыдан да аңғарылып тұрғандай. Әулиелік қасиеті бар екен». Бұл жаңалықты бірінші болып көпшілікке оны деректі фильм арқылы жеткіздім. Өйткені ырым бойынша ондай құбылыс көрген адам ешкімге айтпауы керек екен. Бірақ Мұстафа Шоқайдың қандай адам екенін білсін, деректі фильм деген соң алғаш рет сізге ғана айтып тұрмын деді иман жүзді түрік жігіті.

Мен қай жерге барсам да тарихшылармен, зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, Мұстафа Шоқайды таныстыруды да қатар алып жүрдім. Өйткені Мұстафа Шоқайдай тұлғаны сол мемлекетте аз уақыт болса да аялдағанын білгенін қаладым. Бұл ісім де өз жемісін берді. Менің жолым арқылы барған тарихшылар немесе зерттеушілер болса, ендігі жағында олар Мұстафа Шоқайды танитын болады. Ол туралы тың материалдарды мұрағаттардан көзі шалған болса, бағыт-бағдар береді деген ойда болдым.

– Сіз бұл тақырыпқа не үшін бардыңыз? Сіздің де бірнеше кітапқа арқау болған шығармашылығыңыздың өне бойы елдік тұтастыққа үндеген сарынды байқаймыз.

– Бала кезімнен әдебиетті, тарихты шын жүрегімнен жақсы көрдім. Төңірегімдегі теңсіздік, әділетсіздік жанымды ерте жаралады. Ол кейін айықпайтын дертке айналды. Іштей тындым. Төңірегімді аяп өстім. Өмірдің екі берілмесін ерте білдім. Осы бойымдағы аяушылығым Мұстафа Шоқай тақырыбына алып келді десем де болады. Бірақ өзіңіз айтып отырғандай әлі күнге кейбір зиялыларымыз «сен не үшін бардың бұл тақырыпқа» деп, сұрайды. Мен ешқашан Мұстафа Шоқай атымен атақ алу үшін еңбек етпедім. Алғаш Хасан Оралтай ағамыз да «сонау 1961 жылдан бастап өмірінің соңына дейін қазақ деп еңбек еттім, бірақ оны міндет етпеймін» деген болатын маған берген сұхбатында. Адам жаны қалаған, мына заманда қолынан келіп тұрғанын ел үшін, ұлтым үшін деп еңбек етпесе кім болғанымыз?! Егер солай еңбек етсең, оны әркім: «менің білімім көп еді, менің тақырыбым еді» деп жұлмалайтын болса, әрбір тарихи тұлғаны немесе басқа да ұлттық құндылықтарды меншіктеп отырса, қалай өсеміз?

Мен әрбір құрлыққа, әрбір мемлекетке барған сайын (ол жерлердің кейбіріне ешқандай шоқайтанушылар бармаған) болашақ шоқайтанушыларға жол болсын деген ниетпен жүрдім. Яғни, мен ешқандай ғалымдар мен тарихшыларға теңесу ойыма кіріп те шықпады. Жобаның басында-ақ «Мұстафа Шоқай жолымен» деп бекер қоймадым ғой. Тек жолымен жүріп өту, көзбен көру, тарихи деректер болса елге жеткізу болды. Сол үшін Алматыдағы Республикалық картографиялық фабрикасына барып «Мұстафа Шоқай жолымен» картасын арнайы сыздырып алдым. Сол карта бойынша жүрдім.

Жоба барысында бір-ақ нәрсеге қатты көңіл бөлдім. Ол – Мұстафа Шоқай жүріп өткен жолдарды түгелімен жүріп өту. Мақсат – сол жерлерге болашақта жол ашылсын дегенім. Грузияның Батумидің, ғалымдарымыз күнде барып жүрген Санкт-Петербордағы Мұстафа Шоқай архивін мен екінші адам ретінде аштым. Яғни оған дейін ешкім бармаған деген сөз. Келген адамдар жазылатын журналына екінші болып тіркелдім. Ол жерден, жоғарыда айтқанымдай құжаттардың тізімін кітапта да, фильмде де көрсеттім. Егер сол құжаттарды толық меңгермеген деп жатса, ол менің міндетім емес екенін айтып келемін. Міндетім, қайталап айтамын, жолымен жүріп өту. Сол жолдағы құндылықтарға жол көрсету.

Мен осы күнге дейін Алла берген – поэзиям арқылы түрлі әдеби сыйлықтар алдым, жыр мүшәйраларында бас бәйгелерге ие болып, қара өлеңнің аламанында жеңіл автокөлік те міндім. Яғни, осы күнге дейін маған берілген марапаттар болса, ол өлеңімнің арқасы деп білемін. Бірақ жер басып азамат деген атты алып жүрген соң, ұлтым үшін, ел үшін қолдан келгенін жасау әрбір адамның міндеті деп түсінемін. Ал Мұстафа Шоқай тақырыбы бойынша маған берілген ең үлкен марапат бар. Ол – белгілі ғалым Мәмбет Қойгелдінің «Айналайын, Қасымхан, 20 жыл тәуелсіз болып келгелі бері талай соттасқандарды көріп жүрміз. Бірақ, алаш азаматтары үшін, Мұстафа Шоқай сияқты еркіндік үшін күрескен азаматтар жағында соттасқан бір ғана адам бар. Ол – сенсің», – деген еді. Осыдан артық маған алғыстың да, мадақтың да, марапаттың да қажеті жоқ.

Осы сапарымнан кейін «Шерлі Түркістан» атты тарихи дастанымды жаздым. Ол «Күреңбел» атты жыр жинағыма енді. Мұстафа Шоқай – Берлиндегі Түркия мемлекетіне қарайтын «Түрік шәһитлігі мешіті» аумағындағы зиратта жатыр. Бейіт басындағы ескерткішке жары Мариям Шоқайдың өтінішімен үш латын әріпі мен төрт сан жазылған. Олар Інжілдің бесінші тарауындағы 13-ші өлеңді меңзеп тұр. Бұл жыр жолдары: «Нет больше той любви, как если кто положит душу свою за друзей своих». Бұл жолдарды қазақшалар болсақ: «Жаныңды сеніп тапсыратын ол достар және ол махаббат енді жоқ» деген мағынаны білдіреді.

Шуағы күннің сүйеді,

Соққан жел келіп тиеді.

Ұлан да байтақ ұлы ел,

Түркіні тұтас етем деп,

Берлинде қалған сүйегі.

Артында қалды жазары,

Қардан да аппақ таза ары!

Бөленген мәңгі бесікке,

Түрікке қарар мешітте,

Мұстафа Шоқай мазары.

Қабірге өніп гүл шықты,

Сезімге жүрек тұншықты.

Латынша қашап жаздырған,

Төрт санға сыйған мына сөз,

Көзімнің жасын ыршытты.

Сөзімді тыңда жақсылар,

Жер емес бұл бір бақ сынар.

Ешқашан сені сатпайтын,

Қасыңда бар ма, жан досың,

Жаныңды сеніп тапсырар.

Көңілді бір мұң торласа.

Қиын ба, Алла қолдаса,

Түріктер салған, дариға-ай,

Моласын қайдан табар ек,

Мынандай мешіт болмаса.

Осы бір зират-мешіттің,

Аңыздай даңқын есіттім.

Берлинге, осы бейітке,

Жете алмай іштей тынып мен,

Қаншама жылға кешіктім.

Бақытты қайдан табармын,

Жұлдыздай көктен ағармын.

Түркі деп өткен Күлтегін,

Ұрпағы жатыр бұл жерде,

Төныкөк, Білге қағанның.

Құрғамас кезі жастың да,

Қимасты тасқа бастың ба?

Сағыныш, сосын көз жасы,

Махаббат пенен зар жатыр,

Төрт санның мынау астында.

Ақ жаңбыр тағы құйып тұр,

Бұл жерде жатыр сүйікті ұл.

Өмірдің мынау жалғаны,

Түркінің тұтас арманы,

Төрт санға қалай сыйып тұр.

Тұрандай байтақ жер жатыр,

Шөлдер мен қанша көл жатыр.

Осынау шағын бейітте,

Алтай мен Қара теңізге,

Созылған алып ел жатыр.

Жазылмай қалған жыр жатыр,

Айтылмай қалған сыр жатыр.

Жазықтар, таулар, еңістер,

Ойпаңдар, құздар, тегістер,

Тұлпарлар өткен қыр жатыр.

Бермейтін асу шың жатыр,

Бұйра да бұйра құм жатыр.

Түркінің ұлы үміті,

Осынау шағын зиратта,

Сағыныш жатыр, мұң жатыр.

Түркідей асқақ ұлт жатыр,

Жырақта, бөлек, сырт жатыр.

Қанаты құстың талатын,

Сүйгенін таңдап алатын,

Айбынды асқақ жұрт жатыр.

Жат жерде қалған бел жатыр,

Рухты дауыл, жел жатыр.

Сызылып кеткен картадан,

Осынау мұңлы молада,

Ежелгі біздің жер жатыр.

Адал сүт емген төл жатыр,

Мөп-мөлдір ғажап көл жатыр.

Таппайтын ешбір картадан,

Осынау шағын бейітте,

Баяғы Тұран-Түркістан,

Бөлшектелмеген ел жатыр.

Ешбірін айтпай сырдың мен,

Қобалжып, қорқып тұрдым мен.

Берлинде бейіт басында,

Мұстафа Шоқай қасында,

Осылай толқып тұрдым мен.

Осылай толқып тұрдым мен.

Ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікіріңізге рахмет. Шығармашылығыңызға табысты, оқырмандарыңыз көп болсын.


Соңғы жаңалықтар