Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы әзербайжан тілінде жарық көрді

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы әзербайжан тілінде жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әзербайжанның ресми бас басылымы «Республика» газеті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын әзербайжан тілінде жариялады. Оны аударған танымал әзербайжандық журналист Аида Эйвазова мақаланы Facebook -тегі парақшасында жұртшылық назарына ұсынды.

«Қазақстан Президентінің мақаласын әзербайжан тіліне аудардым және ол жоғары деңгейде тәржімаланды деп ойлаймын. Абай шығармалары – бүкіл түркі жұртының мұрасы. Аударма біраз қиындық та тудырды. Әдетте еркін аударма жасайтын едім. Бірақ, мақалада қазақ тіліндегі көне сөздер жиі кездеседі екен. Ал ол сөздердің электронды аудармашыда нақты мағынасы жоқ. Сондықтан әзербайжандықтар үшін де, Қазақстандағы оқырмандар үшін де жеңіл әрі түсінікті тілде аударуға тырыстым»,- деді Аида Эйвазова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Абайдың қара сөздерін аударуға кіріскенін айтады.

«Осыдан 10 күн бұрын Абайдың қара сөздерін аударуға кіріскен едім. Қазір күн сайын таңертең modern.az оқырмандарына Абайдың қара сөздерін таныстырып отырамыз. Қазақтың ұлы ақынының бұл мұрасын ақпан айының соңына дейін аяқтау ойымда бар. Содан кейін Халықаралық түркі академиясы кітап қылып басып шығарады. Абай сөздері Құран хадистерін, әзербайжан сатириктері Мирза Алекпер Сабир, Саид Азим Ширваниді еске түсіреді. Меніңше, Абай мұрасы – бабалар сөзі», - деді Әзербайжан журналисі.

Еске сала кетсек, «Egemen Qazaqstan» газетінің 9 қаңтардағы санында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланған болатын.


Соңғы жаңалықтар