Қасым-Жомарт Тоқаев: Жетістіктерге тоқмейілсіп, тоқтап қалмаймыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 30 жыл бойы кезең-кезеңмен жүзеге асырылған реформалар өмірімізді түбегейлі өзгертті. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі отырысымыз әдеттегідей жемісті өтіп жатыр. Бірқатар тиімді, қажетті ұсыныстар айтылды. Оларды мұқият зерттеп, керек болса тиісті шешімдерді қабылдаймыз. Еліміз бір айдан кейін Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Бұл - бүкіл халқымыз үшін айрықша мәні бар мерейлі белес. Сондай-ақ мемлекетіміздің даму жолындағы маңызды меже. Осыған орай қоғамдық маңызы бар нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Мен бұған айрықша мән беріп отырмын. Жалпы, 30 жыл бойы кезең-кезеңмен жүзеге асырылған реформалар өмірімізді түбегейлі өзгертті. Бұл бағдарламалардың дұрыс екенін көрсетті. Біз осы тарихи белеске мықты мемлекет және біртұтас ұлт ретінде жетіп отырмыз. Бірақ, жетістіктерге тоқмейілсіп, тоқтап қалмаймыз. Алға ұмтыла береміз»,- деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президент саяси жаңғыру, экономика құрылымын өзгерту, әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары тың қарқынмен жалғасып жатқанын айтты.


«Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор үлес қосуда. Кеңес алғаш құрылған күннен бастап тиімді пікірталас орталығына айналды. Бас қосуларда сан түрлі бастама көтерілді. Оның бәрі жан-жақты талқыланды. Елге қажет және өміршең ұсыныстар нақты реформаға ұласты. Ұлттық кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акті қабыланды. Оның ішінде Заңдар, Президент Жарлығы мен Үкімет қаулылары, министрліктердің бұйрықтары бар. Осыдан ақ Ұлттық кеңестің тиімді жұмыс істеп жатқанын аңғаруға болады. Кеңес өз қызметін инклюзивті, ашық және жүйелі жүргізіп келеді. Оның мүшелері өңірлерге шығып, ел ішіндегі белсенді азаматтармен жиі кездесіп жүр. Осылайша халықпен тиімді байланысты жасау тәжірибесі қалыптасуда», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар