Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан Президентімен телефон арқылы сөйлесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан Президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Ливан Президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесіп, Бейрут портындағы жарылыс кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірдім. Ливан Президенті осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіргеніміз үшін алғыс айтып, Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді», деп жазды ҚР Президент Twitter -дегі парақшасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мишель Аунға Ливандағы қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде өтініш білдірді.

«ҚР азаматтарының (200-ге жуық), оның ішінде, қазақ дипломаттарының және БҰҰ-ның бітімгершілік күштері құрамында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы өтініш білдірдім», деп жазды Президент.

Еске сала кетсек, кеше Ливан астанасы Бейрут қаласында жойқын жарылыс болды. Қаладағы көптеген ғимаратқа зақым келіп, көбісінің терезесі қирап қалды.

Жарылыс салдарынан Қазақстанның СІМ Ливандағы дипломатиялық миссиясы ғимаратына зиян келген. Жарылыс кезінде дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетіп қалған. Консул жұмыста қалған болатын және жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алды.

Бұған дейін хабарланғандай, 5 тамыз күні Бейрут уақытымен сағат 00:30-да Ливанның Денсаулық сақтау министрі Мұхаммед Хасан жарылыстан қаза тапқандар саны 70-ке жеткенін, 4 мыңға жуық тұрғын жарақат алғанын мәлімдеді.

5 тамыз күні жарылыстың неден болғаны анықталды. Билік мәлімдемесіне сәйкес, аммоний нитратының үлкен партиясы (аммиак селитрасы деп те аталады) портта ұзақ уақыт сақталып, қауіпсіздік талаптары сақталмаған.


Соңғы жаңалықтар