Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Президентімен кездесуде Абай мен Мағжанның сөздерін келтірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өткізді. Онда Қазақстан Президенті қазақ пен қырғыз байланысының тамыры тереңде екенін айта келіп, ұлы Абай мен Мағжан Жұмабаевтың сөздерін тілге тиек етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлы Абай айтқандай, «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды». Қос халықтың рухани туыстығын дәлелдейтін мысалдар жеткілікті. Бұл байланыстар Әуезов пен Айтматов, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл сияқты алып тұлғаларымыздың тұсында нығая түсті. Қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаев «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы» деп жырлаған. Мұның бәрі біздің арғы тегіміздің бір екенін аңғартады, – деді Қазақстан Президенті кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті Қазақстан басшылығы мен халқына коронавирусқа қарсы күресте қолдағаны үшін және алдағы уақытта да ауқымды көмек көрсете беретініне алғыс айтты.

– Бүгінгі келіссөздер дәстүр бойынша мемлекеттеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастарды сипаттайтын одақтастық байланыстар мен стратегиялық серіктестік рухында өтуде. Шағын форматта өткен кездесуде біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы елдеріміздің өзара іс-қимылының бірқатар маңызды мәселелерін қозғадық. Екі ел арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ екенін мәлімдеймін, – деді Садыр Жапаров.


Соңғы жаңалықтар