Қасым-Жомарт Тоқаев билікке жаңа кадрлар керектігін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазір сапалы жаңа міндеттерді орындау үшін кадрларды іріктеу барынша маңызды міндетке айналады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақорда баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

«Қазір сапалы жаңа міндеттерді орындау үшін кадрларды ірктеу барынша маңызды міндетке айналады. Жаңа бағдар білімді, табанды, бастамашыл, іскер әрі адал жаңа орындаушыларды көздейді», - деді ҚР Президенті.

Осы ретте Мемлекет басшысы бүгінгі Үкімет отырысына қатысқандар жоғарыда аталған критерийлерге сай келу-келмеуін ойлауы қажеттігін айтты.

«Енді ойланыңыздар: Осы жерде отырған команда аталған критерийлерге сай ма. Үкімет мүшелері, әкімдер өздерінің мүмкіндіктерін парасатты түрде бағалайды деп ойлаймын. Дегенмен, бізде өзін-өзі сынау және мемлекет пайдасы үшін шешім қабылдау қиындау», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Айта кетейік, видеобайланыс арқылы өтіп жатқан жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.

Соңғы жаңалықтар