Қасым-Жомарт Тоқаев: Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша атқарылған жұмысты сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, Жұмыспен қамтудың жол картасы қабылданып, оған 1 триллион теңге бөлінген. Бұл қаржының 98,2 пайызы игерілді. Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарды.

«Алайда ондаған және жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейді. Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында анықталып отыр», деді Президент.

Мемлекет басшысы осындай есептерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу туралы тапсырма берді.

«Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Мен бұған дейін осындай есептерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу туралы тапсырма бердім», деді Президент.

Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шаралардың тағы бір кемшілігі – бюджетке түсетін салықтың аздығын айтып өтті.

«Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 миллиард теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз!», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар