Қасым-Жомарт Тоқаев Австрия Президентіне көңіл айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Венадағы террорлық актіге байланысты Австрия Президенті Александр Ван дер Белленге көңіл айту жеделхатын жолдады. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.


«Бүкіл австриялықтар сияқты барлық дінге кереғар келетін, адами сенім мен ақылға сыймайтын мұндай жантүршігерлік зорлық әрекетке қарсымын. Терроризмнің кез келген түріне жол беруге және оны ақтауға болмайды. Осындай қаныпезер зұлымдыққа барған барлық кінәлілер жауапқа тартылады деп үміттенемін. Қазақстан халқының және өз атымнан қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын, зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Осынау қаралы күндері Австрияның Федералдық Үкіметімен және халқымен біргеміз», – делінген жеделхатта.

Еске салайық, 2 қараша күні Аустрия астанасы Венаның әртүрлі аумағында лаңкестік шабуылдар жасалды. Қаскөйлердің бірін полиция атып өлтірді, енді сыбайластарын іздестіруде.

Полиция мәліметінше, шабуыл алты жерде, соның ішінде қала орталығындағы синагогаға жақын аумақта, еврей орталығы мен мейрамхана жанында болды.

Қазақстанның Аустриядағы елшілігінің алдын ала ақпаратына сәйкес, қаза тапқандар мен жарақаттанғандар арасында ҚР азаматтары жоқ.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі жазбасында халықаралық қоғамдастықты терроризммен күресте күш біріктіруге шақырды.

Соңғы жаңалықтар