Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Көлгіновке: Жер үйлерді газдандыру бағасы неге қымбат?

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтен газдандыру мәселесі қалай жүргізіліп жатқанын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорданы дамытудағы жалпы амал-әдістердің бағыт-бағдары дұрыс деп есептеймін. Әлбетте, құрылыс жұмыстарына баса мән берген абзал. Үй құрылысы болсын, мектептер мен азаматтарға қатысты инфрақұрылым жайлы да айтарым сол. Себебі елорда өз еліміздегі халыққа да, сырттан келетін азаматтарға да тартымды қала болуы керек. Инвестициялардың маңызы зор, сол себепті бұл мәселеге баса назар аударып отырғандарыңыз дұрыс. Мен инженерлік инфрақұрылымды салу жағынан Үкімет пен қала әкімдігінің жұмысын қолдаймын. Біз бұған дейін елорданың өзін сала бердік те, астындағы инфрақұрылымын ұмыт қалдырғанбыз. Ал инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымсыз қала күндердің күні «тұншығып», бір күні үлкен мәселемен бетпе-бет келуіміз мүмкін», - деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар қаланы газдандыру мәселесіне жеке тоқталды.

«Елорданы газдандыру жұмысын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тікелей тапсырған еді. Қазір бірақ азаматтардың үйлерін газға қосу қарқынын сақтау керек. Жеке үйлердің газға қосылуы жағынан мәселе барын естіп жатырмыз. Себебі олар үшін газға қосылу бағасы жылына 500-700 мың теңгеге дейін барады екен. Бұл өте қымбат сома секілді. Бұл мәселені қалай шешесіздер?» - деп сұрады Президент әкімнен.

Бұл сұраққа жауап берген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі тұрғындар тарапынан газдың бағасына деген келіспеушілігі болғанын мойындады.

«Біз мердігерлерден бағаны төмендетуді сұрадық. Мәселен мердігерлер бұрын газға қосу үшін ғана 240 мың теңге сұрайтын. Қазір бұл қызметті 150 мың теңгеге дейін азайттық (бұл сомаға газ құрылғысы мен қосалқы бөлшектер құны кірмейді - авт.). Олар келісті. Тұрғындар оған қуанып жатыр. Газдандыру қарқынын азайтпаймыз. Бәрі жоспарда», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар