«Қасым хан» киножобасынан 29 млн теңге жымқырылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қасым хан» киножобасының 29,9 млн теңгесін жымқырғандар сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаменті «Қазақфильм» АҚ «Қасым хан» киножобасы» филиалының директоры К.С.Ахметовқа және басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын аяқтады. Олар пайдакүнемдік мақсатта қызметін пайдаланып, алдын ала сөз байласып, ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқырған», - деп хабарлайды ҚР ҚМ Қаржы монитрингі комитетінен.

Тергеу барысында аталған адамдар бюджеттен 29,9 млн теңге ақшаны жымқырғаны анықталған. Ол сома тарихи сериалды түсіру кезінде пиротехниканы сатып алуға жұмсалуы керек болған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер «Қазақфильм» АҚ-қа келтірілген шығынды толығымен өтеді. Сот үкімімен ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін «Қазақфильм» АҚ «Қасым хан» киножобасы» филиалының бұрынғы директоры 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның екі сыбайласының 3 жылға дейін бас бостандығы шектелді. Бұл іске қатысты осы екі адам пробациялық бақылауға ілініп, 100 сағаттың мәжбүрлі еңбекті өтеуге міндеттелді.

Еске сала кетсек «Қазақфильм» киностудиясы Қасым хан туралы жаңа тарихи фильмнің түсіре бастайтыны былтыр қазан айында хабарланған еді. Режиссер Ақан Сатаев бастаған шығармашылық топ фильмді түсіру жұмыстарын 2021 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарлап отыр.



Соңғы жаңалықтар