Каспийдің Қазақстан бөлігінде теңіз вокзалы салына ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтау немесе Құрық порттарында жеке жолаушылар терминалының құрылысын қарау үшін жеткілікті жолаушылар ағыны байқалмайды. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министірлігі ақпаратына сәйкес, Ақтау немесе Құрық порттарында жеке жолаушылар терминалының құрылысын қарау үшін жеткілікті жолаушылар ағыны байқалмайды. Бұл ретте, Ақтау және Құрық теңіз порттарының қолданыстағы инфрақұрылымы аралас «өзен-теңіз» жүзу ауданының жолаушылар кемелерін(«Ұлы Петр» теплоходы сияқты) қабылдауға мүмкіндік береді. Ақтау портындағы №8 паромдық айлақ (айлақ қабырғасының ұзындығы - 130 метр, тереңдігі - 5 метр) және Құрық портындағы автопаромдық айлақ (айлақ қабырғасының ұзындығы - 174 метр, тереңдігі – 6,5 метр) жолаушылар кемесін қабылдауға арналған. 2022 жылдың 2 жартыжылдығына Каспий теңізі бойынша Ақтау және Астрахань қалалары арасында «Ұлы Петр» круиздік кемесін іске асыру жоспарланған», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Оның атап өтуінше, Құрық портында жолаушыларды өткізу пункті мен кедендік бақылау аймағы жұмыс істейді.

«Ол іс жүзінде теңіз вокзалының қызметін атқарады. Ғимаратта теңіз вокзалдарында көзделген барлық функционалдық аймақтар (бақылау-өткізу пункттері, күту залы, билет кассасы, валюта айырбастау пункті, қонақ үй, асхана, кафетерий және т.б.) бар. Өткізу қабілеті жылына 90 мың жолаушыны құрайды», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар