Каспийде заңсыз орнатылған 3 мыңнан астам синтетикалық ау табылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Бекіре-2021» балық қорғау акциясы кезінде браконьерлерден 35 тонна балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балық шаруашылығы комитеті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, балық қорғау акциясы 1 сәуір-31 мамырда Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағындағы Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында өтті. Акция кезінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторлары құқық қорғау және табиғат қорғау органдарымен бірлесіп балық қорғау заңнамасын бұзудың 1 262 дерегін анықтаған. Оның ішінде Атырауда – 952, Маңғыстауда – 137, Батыс Қазақстан облысында 173 құқық бұзушылық тіркелген.

«Осы кезеңде 862 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 114-іне сот тәртібімен 56 қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп бұзушыларға 15,4 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 35 тоннадан астам балық тәркіленді. Оның 4,6 тоннасы – бекіре тұқымдас балық түрлері. Сондай-ақ, 908 ау, 95 қайық, 23 көлік тәркіленді. Жайық-Каспий бассейнінің су қоймаларынан синтетикалық моножіптен тоқылған, заңсыз орнатылған 3 035 ау табылды», - деп хабарлады Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі.

Балық қорғау акциясы кезінде бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз тасымалдаған, сақтаған деректер тіркелген.

«Мәселен, 15 сәуірде Атырау облысындағы Жанбай ауылының маңында жалпы салмағы 100 келі бекіре тұқымдас балық тасымалдаған автокөлік ұсталды. Сол күні Атырау қаласында жергілікті тұрғыннан 812 келі 247 дана бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Ал, 17 сәуірде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы тыйым салынған жерде балық аулаған 2 адамды ұстады. Шағын көлемді кемені тексеру кезінде 2,2 тонна балық табылып, тәркіленді. Ұсталған адамдарға тиесілі судан ау (вентер) алынды. Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында 26 сәуірде 148,55 келі бекіре тұқымдас балықты заңсыз тасымалдаған жергілікті тұрғынның басқаруындағы автокөлік тоқтатылды», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында рұқсат құжатсыз балық тасымалдаған 16 көлік жүргізушісі ұсталған. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде 15 тоннаға жуық балық тәркіленіп, 15 қылмыстық іс қозғалған.

Акция кезінде базарлар мен мамандандырылған дүкендердің синтетикалық моножіптен жасалған балық аулау құралдарын заңсыз сатуына мониторинг жасалды. Оның нәтижесінде 29 сәуірде Атырау қаласындағы сауда базарларының бірінде тыйым салынған 79 ауды сату дерегі анықталып, тәртіп бұзушыға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 196-бабымен 72,9 мың теңге айыппұл салынған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында қамыс арасына жасырылған үш жүрдек қайық тәркіленгенін , кейін Каспий жағасынан браконьерлердің «қонысы» табылғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар