Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіру жалғасуда

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіру әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қазан, сағат 09:00-дегі жағдай бойынша, қамыс өртенген жағалаудан жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ. Ашық жалын байқалмайды.

«Өткен тәулікте 40 гектар аумақтағы қамыс өрті сөндірілді. Оның ішінде департаменттің жеке құрамы 25 гектардағы жалынды жойды. Ал, 15 гектарда жанған қамыс өрті өздігінен сөнді.

Қамыстың жанған аумағы 550 гектарды құрайды. Осы кезге дейін 490 гектар аумағы сөндірілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Өртті жоюға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 31 адам, 5 техника тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауындағы 450 гектар аумақта қамыс өрті сөндірілгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар