Каспий құбыр консорциумы мен үшін де ерекше мәнге ие – ҚР Президенті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий құбыр консорциумы өзі үшін де ерекше мәнге ие екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жобаның жүзеге асырылуы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды әлемдік өлшеммен алып қарағанда ірі кен орындарына қуатты серпін берді. Бүгінде оларға елімізде өндірілетін барлық мұнайдың 60 пайызы тиесілі. Консорциум Қазақстан мен Ресейдің, сонымен қатар Chevron, Eni, Лукойл, Shell және өзге де жетекші мұнай компанияларының қатысуымен ірі халықаралық мұнай тасымалдау жобасына айналды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий құбыр консорциумының 25 жылдығына арналған салтанатты жиында.


Мемлекет басшысы консорциумға қатысушылардың арасында ымыраға қол жеткізу үшін Қазақстан және Ресей басшылығының үлкен күш-жігері жұмсалған ұзақжылдық келіссөз әлі есінде екендігін атап өтті.

«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған серіктестіктің 10 принципі консорциумның табысты жұмыс істеуіне негіз қалады. Бұл жоба мен үшін де ерекше мәнге ие. Өйткені, оның құрылысының басталуына және іске қосылуына арнайы қатысқан едім. Вагит Алекперов те қатысты. Таяуда ол маған фотография табыс етті. Ол кезде біз сәл басқаша, мүмкін мұнан да нашарлау едік. Қалай десек те, аталған жобаны іске қосу шарасының қалай өткені есімізде»,- деді ҚР Президенті.


Соңғы жаңалықтар